Мемлекеттік тіл мәртебесі еліміздің Ата Заңында бекітілген, алайда орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен қатар қолданылады. Ал, мемлекеттік мекемелерде іс – қағаздар қазақ тілінде жүргізіледі.

1996 жылғы 4 қарашада «Қазақстан Республикасының тіл саясаты тұжырымдамасы» қабылданды.

Ал, 1997 жылғы 11 шілдеде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Қазақстан Республикасыны Заңы қабылданды. Аталған Заңның 4-бабында «Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi – қазақ тiлі, мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы» деп көрсетілген. Заңның 13-бабында «Қазақстан Республикасында сот ісі мемлекеттік тілде жүргізілетіні, қажет болған жағдайда, сот ісін жүргізуде орыс тілі немесе басқа тілдер мемлекеттік тілмен тең қолданылатыны» нақтыланған. Заң талаптарына сәйкес, сотта іс жүргізіп отырған тілді білмейтін және түсінбейтін сот процесіне қатысушыларға сотта ана тілінде немесе өздері білетін басқа тілде мәлімдеме жасау, түсініктер мен жауап беру, өтініш білдіру, шағым жасау, іс материалдарымен танысу, сотта сөйлеу  үшін заңда белгіленген тәртіппен аудармашының қызметін тегін пайдалану құқығы қамтамасыз етіледі. Ең алдымен судья талап қоюшыдан, жауапкерден, іске қатысушы басқа да адамдардан сот ісі жүргізілетін тілді білетін – білмейтінін, оларға тілмаш қызметінің қажеттігін анықтайды. Сот ісін жүргізу тілі, сотқа талап арыз берілген тілге қарай, сот ұйғарымымен белгіленеді.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен Қазақстан Республикасында тіл саясатын іске асырудың  2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы бекітілген. Бағдарламаның мақсаты қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі толыққанды қызметін қамтамасыз ете отырып, латын графикалы әліпби негізінде қазақ тілін жаңғыртуға, тіл мәдениетін одан әрі арттыруға және тілдік капиталды дамытуға бағытталған үйлесімді тіл саясатын жүргізу болып табылады.

Ана тілді құрметтеу, заң жүзінде ана тілінде іс қағаздарын жүргізуді дамытуға үлес қосу – әрбір азаматтың қасиетті борышы.

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотының бас маман-сот отырысының хатшысы Дайрабай Ж.М.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!