Мамандық таңдау – өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалау.
Ең қиын мамандық – адам болып қалу
.
Хосе Хулиан Марти

Мамандық – адамның болашағы. Сол себепті мамандық таңдау әрбір адам өміріндегі аса маңызды таңдау. «Жарқын болашақ – жастардың қолында» дегендей, біздің болашағымыз өз қолымызда. Сондықтанда бұл таңдауда салғыртттық танытпай, өз өміріміздің алғашқы кірпіштерін дұрыс қалауымыз керек.


Бүгінгі күні мамандықтың түрі көп. Әр мамандықтың өзіндік ерекшеліктері бар. Дәрігер адамның тәнін емдесе, мұғалім білім нәрімен сусындатады, тағы басқа маман иелері де адам өмірінің қажетін өтеуге қызмет етеді. Ең маңыздысы, мамандықты өз қалауыңдағы арманыңмен ұштастырып таңдау. Ал бұл екінің бірінін қолынан келе бермейді. Себебі кей адамдарға бұл өмірде өз орнын табу қиындық туғызады. Тіпті көбіне бітіруші түлектің болашағына ата-анасы таңдау жасап жатады.
Әрбір адам бала кезінде мен өскенде мынадай мамандық иесі боламын деп армандаған болар. Бірі дәрігер, бірі мұғалім ал енді бірі тіпті қиялдап «супермен боламын» деп бала арман жетегіне ергені рас.


Мектеп қабырғасында жүргенде өзімді әр қырымнан сынап, түрлі пәндік олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүрдім. Осының себебімен өзімнің жаныма жақын бағытты таңдауым қиынға түспеді. Жетінші сыныптап бері қарай әлем жаңалықтары, айналадағы жылдам дамып өзгерістер қызықтыра бастады. Оны зерттей түскім келді, жан-жақты ақпарат алуды жиі ойлайтын болдым. Нәтижесінде болашақта журналист боламын деген шешімге келдім.
Дәл солай бала Ботаның алғашқы әрі нақты арманы пайда болды. Сол күннен бастап журналист туралы барлық мәліметтерді іздестіре бастадым. Мектеп қабырғасында мәнерлеп оқудан түрлі жарыстарға қатыстым. Кейін қатты шабыттанып кеткенім сонша мектебімде директордың қолдауымен «School News» атты өзімнің алғашқы блогымды жүргіздім. Сондай-ақ, мектеп қабырғасында дебат ойнап, тіл байлығымды дамыту үшін жан-жақтан ізденетінмін. Әйтсе де кейде қолымнан келмей «бұл менікі емес-ау», деп қол сілтей салған сәттерім де болды. Сондай қиын кезеңдерде отбасымның қолдауының арқасында әрдайым бастаған ісімді соңына дейін жеткізуге күш пайда болады.


Өмірлік мақсатқа айналып 2023-2024 жыл аралығында «Qadaz Media» онлайн медиа-мектебімен журналистика саласына алғашқы баспалдағымды бастым. Ал, қазір Алланың қалауымен 11-сыныпты ойдағыдай тәмамдап, үлкен өмір жолына қадам басқалы отырмын. Өзгелерге қарағанда аса ерекше қабілетім болмаса да, менде нақты арман және мақсат бар. Сол себепті осы жолды аянбай еңбек етеріме нық сенімдімін.

Ботагөз ИНАБАТОВА
№187 IT мектеп-лицейінің
бітіруші түлегі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!