Фото: Ашық дереккөз
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті Рамазан айында бірқатар мейрамхана, дәмханалардың ауызашар мәзірінің бағасын шарықтатып жібергенін сынап, тамақтану орындарын халыққа қолжетімді баға ұсынуға шақырды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Мүфтияттың мәлімдемесінде Рамазан айының қарапайымдылық пен мейірімділікке негізделгені, ал ауызашар дастарханының ысырапқа емес, сауапқа бағытталуы тиіс екені баса айтылды. Қасиетті Құранда да ысыраптың құпталмайтыны ескертіліп, халықты шынайы қайырымдылыққа үндеген.
«Өкінішке қарай, соңғы кездері еліміздегі бірқатар мейрамхана, кафелер мен дәмханалардың иелері ауызашар мәзірінің бағасын өте жоғары ұсынып, халық арасында түсінбеушіліктің туындауына себепші болуда. Асыл дініміз ауызашар дастарқанында ас та төк ысырапқа жол беруге, дастарқан жасауда бәсекелесуді құптамайды. Ондай әрекет сауапқа емес күнәға жетелейді», делінген мүфтият сайтында.
Мүфтият бұл үндеуі арқылы қасиетті айда жасалған игі амалдардың шынайы сауапқа айналатынына сенім білдірді.
«Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мейрамхана, кафелер мен тамақтану орындарының иелеріне халыққа қолжетімді қарапайым ауызашар мәзірін ұсынуға шақырады», делінген хабарламада.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!