Білікті кадрларды дайындау және біліктілігін арттыру үшін «Педагог» жаңа кәсіби стандарты енгізіледі. Бұл туралы Үкімет отырысында еліміздегі білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау кезінде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов айтты деп хабарлады Turkystan.kz ҚазАқпарат агенттігіне сілтеме жасап.

«Қазіргі кезде «Педагог мәртебесі туралы» Заңының оң әсерін көріп отырмыз. Президенттің қолдауының арқасында педагогтердің жалақысы ұлғайтылды және 2023 жылғы қаңтардан бастап тағы 25 пайызға өседі. Сонымен қатар, мұғалімдердің кәсіби құзыретін арттыруға ерекше назар аударылады. 2021 жылдан бастап педагогикалық жұмысқа тұру үшін сертификаттау енгізілді», – деді Аймағамбетов.

Сонымен қатар ол енді біліктілігін арттыру 5 жылда 1 рет емес, 3 жылда бір рет болатынын еске салды.

«Директорлардың кадрлық резерві қалыптасады, білім беру ұйымдарының директорларын ротациялау тетігін іске асыру жалғасады. Білікті кадрларды дайындау және біліктілігін арттыру үшін «Педагог» жаңа кәсіби стандарты енгізіледі», – деді министр.

Бұдан бұрын хабарланғандай, балабақшаларда балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізіліп жатыр. Осы орайда, ондағы бағдарлама да, оқыту әдістері де түбегейлі өзгереді.

Сонымен қатар мектептерге арналған жаңа мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары әзірленіп жатыр.

Бүгін Үкімет отырысында білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасының жобасы бекітілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!