Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың «Археология және этнография»ғылыми орталығының ғылыми қызметкері Ислам ҚҰРМАНИЯЗОВпен сұхбатты парақтап шығыңыз!
– Археологтардың жұмысы күрделі екенін білеміз. Оқырманды да осы сауал ойландыратын болар, сіздер жыл маусымының ыңғайына қарай жұмыс істейсіздер ме? Қыстың суық күні, көктем мен күздің жауын-шашынды кезеңі археологиялық зерттеу жүргізуге кері әсер етпейді ме?
– Археологтар күз және қыс мезгілінде қазба жұмысын жүргізбеуге тырысады. Себебі суық күн райы мен жауын-шашын өнімді жұмыс істеуге кедергі келтіреді. Ең қолайлы мезгіл, әрине – көктем, жаз айлары. Бұл мезгіл өзгелер үшін демалуға таптырмас кезең болса, археологтар үшін зерттеу жүргізуге ыңғайлы уақыт. Содан болар, көктем шыға далаға асығып отырамыз. Әр экспедиция танымды әрі қызықты өтеді. Жаңа достар табу, шетелдік профессор-ғалымдармен пікір алмасу, далалық семинарлар шабыт сыйлайды. Оның үстіне ескерткіш маңынан база жасақтап, жергілікті халықтан жұмысшы тарту, іс-тәжірбиеге келген студенттерге археологиялық қазба жұмысының әдістерін таныстыру да үлкен тәжірибе. Сонымен қатар ескерткішті өлшеу-сызуға, ұшатын құрылғымен әуеден түсіруге көктем-жаз айларында мүмкіндік мол.
Ал күз-қыс мезгілінде зертханада жиналған археологиялық жәдігерлерді талдау шарасын жүргіземіз. Яғни, тазалау, өлшеу, суретке түсіру, мақала жазу жұмысы басталады. Оның ішінде остеологиялық материалдар (жануарлар сүйектері) мен қыш құмыра ыдыстар толыққанды мәлімет алу үшін Ресей, Германия, Литва елдерінің ғылыми-зерттеу зертханаларына жіберіледі. Бұл жәдігерлердің жасалған уақытын, жануарлардың жасын, қай ғасырда өмір сүргенін анықтауға мүмкіндік береді.
– Жұмыс барысында түрлі оқиғалар болуы мүмкін. Сізге ерекше әсер еткен, таңданыс тудырған тарихи орындар бар ма? Осы орайда көпшілік әлі біле қоймаған өңір тарихына қатысты жаңа деректер айтып беріңізші.
– Биыл Қорқыт ата атындағы ҚУ-дың «Археология және этнография» ғылыми орталығының құрылғанына 10 жыл толды. Біз үшін 10 жыл – үлкен жетістік. Алда атқарылар тірлік әлі көп. Соның бірі – облыс аумағындағы алғаш қазылған ескерткіштерді сақтау, жәдігерлерді насихаттау мәселесі. Себебі Қызылорда облысы аумағында басқа өңірлерге қарағанда тарихи ескерткіштер жетерлік. Сақ дәуірінен бастап ортағасыр аралығын қамтитын қалашықтар бар. Тіпті бүтін хандықтың астанасы болған қалалар да кездеседі. Сонымен қатар Қызылорда облысы аумағындағы Батыс Еуропа-Батыс Қытай тас жолы бойында орналасқан Жетіасар қалаларын да атауға болады. Қазіргі таңда аталған ескерткіштер тобы шамамен 50-ге жуықтады. Кеңес үкіметі тұсында Хорезм экспедицициясы шаһар туралы құнды деректерді іздеп, зерттеулер жүргізілгені мәлім. Бұл қалалар Ұлы Жібек жолының бір тармағы – Сыр бойының өткенінен хабар беретін құнды жәдігерлер қатарында.
Екінші бір ескерткіш – Қызылорда қаласы маңындағы ортағасырлық Алтын Орда кезеңіне жататын Қышқала қалашығы. Тарихи мұра қаланың оңтүстік-батысынан 25 шақырым қашықтықта орналасқан. Ескерткішті өткен ғасыр да Хорезм экспедициясы зерттеген болатын. Өлкетанушы ғалымдардың еңбектерінен шаһардың Алтын Орда дәуірінде ірі дін, саяси-сауда орталығына айналғанын білдік. Оған қоса қалада сырттан келіп білім алатын шәкірттерге арналған мешіт-медресесі бой көтеріпті. 2018 жылдан бастап әл-Фараби атындағы ҚҰУ-дың профессоры Мадияр Елеуовтың жетекшілігімен Қышқалаға қазба жұмысы жүргізіліп келеді. Бүгінге дейін бірнеше құрылыс орындары, оның ішінде кесене-медресе, қыш күйдіретін пеш орындары ашылған. Зерттеу жұмысынан аймақта сақ дәуірінен бастап түрлі мемлекет пен тайпалық одақтар өмір сүргенін аңғару қиын емес. Демек, Сыр өңірі саудасы айналымы, дербес экономикасы қалыптасқан діні мен тілі сыртқы күштің ықпалынан ада өңір болған. Оған қазылған археологиялық материалдық кешенін, ашылған құрылыстар дәлел.
Таңданыс тудырған жәдігерге келер болсақ, ең қызықты жаңалық Жанкент қалашығындағы қазба жұмысы барысында табылған мысық сүйегі дер едім. Бұл мысық сүйегін үйдің бұрышына матаға орап, арнайы жерлеген. Қазба жұмыстарына қатысқан Ресей мен Германиядан келген профессор ғалымдар сүйекті толықтай тазалап, Ұлыбританиядағы Лестер университеті зертханасына алып кеткен еді. Кейін белгілі болғандай, бұл мысық 775-940 жылдар аралығында өмір сүрген. Ең көңіл аудартатын мәлімет, адамдар аяғы сынған мысыққа арнайы медициналық жәрдем көрсеткен екен. Жанкент қалашығының тұрғындары жан-жануарға мейіріммен қарап, ізгі қаланың өмір сүру моделін ұстанған тәрізді. 2020 жылы Еуропаның беделді «Science» журналында Жанкенттег мысық сүйегі жайлы ғылыми мақала жарық көрді.
Таңданыс тудырған жәдігерге келер болсақ, ең қызықты жаңалық Жанкент қалашығындағы қазба жұмысы барысында табылған мысық сүйегі дер едім. Бұл мысық сүйегін үйдің бұрышына матаға орап, арнайы жерлеген. Қазба жұмыстарына қатысқан Ресей мен Германиядан келген профессор ғалымдар сүйекті толықтай тазалап, Ұлыбританиядағы Лестер университеті зертханасына алып кеткен еді. Кейін белгілі болғандай, бұл мысық 775-940 жылдар аралығында өмір сүрген. Ең көңіл аудартатын мәлімет, адамдар аяғы сынған мысыққа арнайы медициналық жәрдем көрсеткен екен. Жанкент қалашығының тұрғындары жан-жануарға мейіріммен қарап, ізгі қаланың өмір сүру моделін ұстанған тәрізді. 2020 жылы Еуропаның беделді «Science» журналында Жанкенттег мысық сүйегі жайлы ғылыми мақала жарық көрді.
– Жастардың қазіргі сұранысы технологиямен байланысты. Археология саласын таңдаған жаңа буынды байқай бермейміз… Мұның себебі неде деп ойлайсыз? Ал сіз бұл салаға қалай келдіңіз? Жалпы жас археологтарға мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі ме?
– Дұрыс айтасыз, жастар өмірін технологиямен тызығыз байланыстырады. Жаһандану заманында жаңа буынның мұндай ұмтылысы дұрыс-ақ шығар. Ал археология саласына келер болсақ, қызығушылық бәсеңдегені шындық. Жыл сайын археология мамандығына оқуға түсетін оқушы саны азаюда. Оған мамандықтың күрделілігі, жұмыс барысының қиындығы себеп болады деп ойлаймын. Өзіңізге мәлім, археологтар күннің астына күйіп жүреміз, өнімді нәтижеге қол жеткізу де уақыт талап етеді. Сондықтан оқушы кезінен экспедицияға қатысып, бала кезінен осы саланы армандаған талапкер болмаса, мақсатты түрде бұл мамандыққа келетіндер аз. Бірақ соңғы уақытта жағдай тұрақталып келеді. Мәселен, Қызылорда облысы әкімдігінің қолдауымен осы мамандыққа арналған оқу грантының бөлінісі артты. Мұндай жәрдем саланың аяққа тұруына, оқуға түсетін талапкелерге үлкен көмек. Сәті келгенде жас достарға айтарым, археология жер қазу ғана емес, ол қазба жұмысы барысында жаңа технологияларды игеру, ел аумағындағы мұраларды зерттеуге атсалысу және шетелден келген қонақтармен тілдесу мүмкіндігі. Сол себепті жасқанбай, білім алуға толық мүмкіндік бар.
Өзім де алғашында мамандықтың қыр-сырын үйренуге жүрексіндім. Бала кезімнен ауыл қарияларынан аңыз әңгімелер естіп, ауыл кітапханасынан жыр-дастандар, тарихи кітаптар оқитынмын. Әкем де тарихқа жаны құмар жан. Бала кезден тарих пәнінің мұғалімі болсам деген арман көкейден кетпей қойды. Мектеп қабырғасында тек тарих, география сабағын оқып, түрлі тарихи кино көретінмін. Оның ішінде Египеттегі Гиза пирамидалары, ондағы жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстарына таңданыспен қарайтынмын. Бұл қызығушылығым өсе келе тарих мамандығына түсуіме септігін тигізді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің тарих мамандығында білім ала жүріп Айтжан Оразбахов, Жайна Сыдықова, ӘзілханТәжекеев, Уалихан Ибраев сынды ұстаздарымнан өнегелі тәлім- тәрбие, білім алдым.
Университеттің бірінші курсында ұстазым Әзілхан Тәжекеев бізді Жанкент қалашығында жүргізілетін қазба жұмысына қатысуға шақырды. Осы кезде «Археология және этнография» ғылыми орталығының енді ашылған кез еді. Ғалымдар сол жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі қаржыландыратын байқауда Жанкент қалашығы тақырыбына жобаның жеңімпазы атанған-тұғын. Осылайша қалашықта қазба жұмысы басталған. Жалпы, оқу жоспары бойынша 1-курс тарих мамандығының білім алушылар жаз айында Жанкент қалашығында іс-тәжірбиеден өтуі бұрынан бар тәжірибе екен. Ұстазым Әзілхан ағай маған келіп: «Археолог боласың ба?» деді. Мен сәл абдырап, арманыма аяқ басқалы тұрғанымды сезіне: «Әрине, археолог боламын» деп жауап бердім. Сол сәт маған жаңа әлем ашылған секілді әсер қалдырды. Нәтижесінде жаз айында іс-тәжірибені Жанкент шаһарындағы қазба жұмыстарында өткізіп, қосымша осы археология мамандығын терең тани түстім. Осы археология саласымен айналысып жүріп, өзімнің өмірлік жарыммен танысып, отбасын құрдым. Жарымның мамандығы да археолог.
2015 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетін бітірген соң Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің археология және этнология мамандығы бойынша магистратураға қабылдандым. онда жүріп тарих ғылымдарының докторы, профессор Мадияр Елеуов ағаймен танысу бақыты бұйырды. Магистрлік диссертацияға «Жетіасар мәдениетінің қалалары» атты тақырыпты таңдап алдым. Магистратурада оқып жүріп, Мадияр ағаймен Жамбыл облысы Шу мен Талас өңіріндегі ортағасырлық қалалардағы қазба жұмыстарына қатыстым. 2017 жылы магистратураны сәтті аяқтап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Археология және этнография«» ғылыми орталығына ғылыми қызметкер болып жұмысқа орналастым.
Университет қабырғасында жұмыс жасап жүріп, 2018 жылы мақсатты жолдамамен әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіне докторантураға оқуға түстім. Оқу орнында Ботай мәдениетін ашқан зерттеуші ғалым, тарих ғылымдарының докторы, археология профессоры Виктор Федорович Зайбертпен танысудың сәті түсті. Солтүстік Қазақстан аймағында Ботай қонысында археологиялық экспедицияға қатысып, қазба жұмыстарын жүргіздім.
2021 жылы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ докторантурасын аяқтап, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Археология және этнография«» ғылыми орталығына жұмысқа қайта қабылдандым.
Жалпы жас археологтар ҚР БҒМ гранттық қаржыландырулар мен ҚР МСМ кешенді жобаларына қатысуына мүмкіндік бар. Тек ол үшін докторлық диссертациясын қорғаса немесе PhD доктор атанса, жеткілікті. Сондықтан жас археологтар мемлекет қолдауына пайдалану үшін ғылыми дәрежесі қорғауы шарт.
– Әңгімеңізге рақмет!
Гүлдана ЖҰМАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!