Мәжілістің жалпы отырысында депутат Нартай Сәрсенғалиев Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек мигранты атанған Қазақстан азаматтарының мәселесін шешуді сұрады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл сауалды өзге елде заңсыз еңбек мигранты атанып, құқығы қорғалмай, қауіп қайдан келеді деп жәутеңдеп отырған 20 мыңнан астам қазақ баласының арызы деп біліңіз. Жалақыға жарымай, табақтай дипломына лайықты жұмыс таппай, қазақ жастары қазір әлемнің әр түкпірінде қара жұмыс істеуге мәжбүр. Оларды сөгуге ешкімнің құқығы жоқ. Қазір сол азаматтарымыз заңдық тұрғыда еш қорғансыз қалып жатыр. Оның бір дәлелі – Оңтүстік Кореяда еңбек етіп жатқан отандастырымыз. Ресми дерекке тоқталсақ, 2022 жылғы жағдай бойынша Оңтүстік Кореяда еліміздің 9600 азаматы заңсыз еңбек мигранты болып жұмыс істеді. Ал отындастарымыздың басын біріктіретін орталықтар қазір Оңтүстік Кореяда 20 мыңға жуық қазақстандық жүргенін айтып жатыр. Заңсыз жүрген еңбек мигрантының жағдайы түсінікті. Еңбек құқығы қорғалмайды, заңға сүйеніп жұмыс берушіден өз құқығын талап ете алмайды», – деді Н. Сәрсенғалиев Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың атына жолдаған сауалында.

Бұл тұрғыда ол шетелде денсаулығына зақым келген Қазақстан азаматтарына ешкім өтемақы төлемейтінін, сондай-ақ жұмыс беруші оларды заңсыз еңбек мигранты ретінде құзырлы орындарға ұстатып жібере алатынын айтты.

«Отандастарымыздың құқығы қорғалмауының себебі – екіжақты келісімшарт негізінде ұсынылатын Е-9 уақытша еңбек визасының берілмеуі. Мемлекет басшысы Үкіметке мәселені шешуді тапсырған болатын. Бірақ әлі күнге дейін бұл түйткілдің түйіні тарқаған жоқ. Корея Республикасымен 16 ел «Еңбекке рұқсат беру жүйесі» атты шетелдіктерді жұмысқа орналастыру жүйесіне қосылғанын білеміз. Аталған жүйеге Қазақстан неге қосыла алмай келеді?», – деді депутат.

Осы орайда ол қазақстандықтар қашан Оңтүстік Кореяда заңды еңбек мигранты ретінде еңбек ете алатынын сұрады.

«Бұл ретте екі ұсыныс бар. Біріншіден, Қазақстанды «Еңбекке рұқсат беру жүйесіне» қосу үшін тиісті іс-шаралар жоспарын жедел пысықтауды тапсыру керек. Екіншіден, екі ел арасында ортақ келісім жасалғанша, Оңтүстік Кореяда заңсыз еңбек мигранты боп жүрген 20 мыңға жуық қазақстандықтың құқығын қорғайтын заңды тетікті тезірек табу қажет», – деді Нартай Сәрсенғалиев.

Еске салайық, бұған дейін Корея Республикасы заңсыз иммигранттар үшін «жасыл дәліз» жариялаған болатын. Оған сәйкес заңсыз жүрген шетелдіктерге осы жылдың 31 желтоқсанына дейін өз еркімен елден шығуына мүмкіндік беріледі.

Сондай-ақ Оңтүстік Кореяға заңсыз кіргені үшін екі қазақстандыққа сот үкімі шыққан болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!