Туберкулез – туберкулез микобактериясынан туындайтын және әртүрлі органдарда, бірақ көбінесе өкпе тінінде бір немесе бірнеше қабыну ошақтарының пайда болуымен сипатталатын жұқпалы ауру.

Инфекцияның негізгі көзі – науқас адам. Көбінесе туберкулез ауа тамшылары арқылы таралады. Туберкулезбен ауыратын науқас жөтелгенде, түшкіргенде, сөйлегенде ауаға, бөлменің едені мен қабырғаларына, тұрмыстық заттарға қақырық пен сілекейдің ең кішкентай тамшылары түседі. Қақырық құрғағаннан кейін микробтар ұзақ уақыт өміршең болып қалады, олар алты-сегіз ай өмір сүреді. Бұл аурудың байланыс-тұрмыстық берілу мүмкіндігін аңғартады.

Туберкулезбен тек адамдар ғана емес, жануарлар да ауырады. Сондықтан ауру жануардың қайнатылмаған сүтін, жұмыртқасын, нашар қайнатылған етін тұтыну арқылы инфекция жұғуы мүмкін.

Аурудың негізгі белгілері:

Екі аптадан астам жөтел, дене қызуының жоғарлауы, кеуденің шаншуы, ентігу, жүдеу, тәбеттің жоғалуы, түнде тершеңдік, әлсіздік, тез шаршау.

Осы белгілердің біреуін немесе бірнешеуін өз бойыңыздан байқасаңыз дереу дәрігерге қаралыңыз, егер жөтел пайда болса қақырық сараптамасын тапсырыңыз!

Жөтелгенде және түшкіргенде сыпайлық сақтап, ауызыңызды орамалмен жабуды ұмытпаңыз!

Бұл аурудың алдын алудың ең тиімді әдісі – жаңа туған нәрестелерді вакцинациялау, ол өмірдің 3-5 күнінде жасалады және туберкулезден қорғайды, балалар ағзасының туберкулезбен ауыру ықтималдығын бірнеше есе азайтады.

Туберкулездің таралуын болдырмайтын негізгі шаралардың бірі – науқастарды ерте анықтауды ұйымдастыру, ол тәуекел тобындағы балаларға жыл сайынғы туберкулин диагностикасын және ересектер арасында флюорографиялық тексеруді жүргізу кезінде жасалады.

Халық арасында туберкулездің алдын алудың негізін ағзаның қорғанысын арттыруға бағытталған шаралар: рационалды және уақтылы тамақтану, темекі шегуден және ішімдіктерді шектен тыс пайдаланудан бас тарту, дұрыс жұмыс тәртібін сақтау, салауатты өмір салтын ұстану құрайды.

Туберкулез – құрт ауру ғой қазақша,
Талай жанды салып жүр ғой азапқа.
Бұл аурумен ауырған жан ентігіп,
Тәбеті де төмендейді тамаққа.
Жөн болады бұл аурудан сақтанған,
Жарамайды «Денім сау!» – деп ақталған.
Дәрігерге көрініңдер ертерек,
Жандар болса бұл ауруға тап болған.
Өз-өзіне жақсы көңіл бөлгенде,
Жоламайды мұндай ауру сендерге.
Денсаулықты тексертіндер, қашпандар,
Флюрография машинасы келгенде.
Болсын десең береке, құт мекенім,
Көбейтіңдер дені саудың есебін.
Ешқашан да ұмытпаңдар, ағайын,
Өз денсаулығың өз қолыңда екенін!

Алима МАҚСАТҚЫЗЫ,
Қызылорда бөлімшелік көліктегі
санитариялық-эпидемиологогиялық
бақылау басқармасының бас маманы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!