ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мектеп оқушылары арасында өткен дәрігерлік тексерулердің негізгі көрсеткіштерін айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«2021 жылы тереңдетілген түрде дәрігерлік тексерумен мектептердегі 2 911 777 бала қамтылуы тиіс еді. Оның ішінде 2 480 540-ы тексеруден өтті. Былтыр Ақмола және Маңғыстау облыстарында оқушыларды медициналық тексеру үлесі төмен деңгейде болды», – деп жазды Е. Тоғжанов депутаттық сауалға жауап бере отырып.

Бұл тексерулерге жасалған талдауға қарағанда, бірінші орында көру органдарының патологиясы тұр. Бұл тұрғы 2021 жылы 60 490 оқушы, ал 2020 жылы 22 795 бала тіркелді.

Оның сөзіне қарағанда, оқушылардың көз көруінің нашарлауының негізгі себептері ретінде оларды ақпараттық технологияларға, білім беруді компьютерлендіру үрдісіне қатыстыру болып тұр. Яғни гаджеттер мен ұялы телефондарды пайдалану белсендігінің артуы, әлеуметтік желілер арқылы ақпараттық жүктеменің шектен тыс болуы, көру қабілетін сақтау режимін елемеу сияқты мәселелер бар.

Екінші орында жүйке-психикалық ауруы тұр. Бұл ауру түрі 2020 жылмен салыстырғанда 2,7 есеге артқан (2021 жылы – 15 946, 2020 жылы – 5 872). Бұған психоэмоционалды жағдайдың көтерулі, әлеуметтік желі арқылы ақпараттық жүктеменің артуы, гаджеттерге психологиялық тәуелділік, тәулік ішінде дұрыс режимді сақтамау себеп болып отыр.

Үшінші орында оқушылардың арқа омыртқасының қисаюы мәселесі бар. 2021 жылы 6 112 балада сколиоз анықталды (2020 жылы – 2517). Осы орайда оқушылардың аз қозғалуы, мектеп жиһазының балалардың жас ерекшеліктеріне қарай сәйкес келмеуі, орындыққа отыру кезінде талап етілетін тиісті ережелерді елемеу және басқа да кемшіліктер әсер етіп отыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!