Сабақтан шыққан оқушылар сырт киім ілетін бөлмеге лап қойған видео әлеуметтік желіге таралған болатын. Кадрдан тар жерде бір-бірін итеріп сығылысқандар балалардың арасында бір қыз құлап, оны басқалары таптап өте шыққан.
“Бізде гардероб қызметкері жоқ. Оны қыркүйек айында сұрадық, тарификациядан. Мөлшерлеме бізге берген жоқ. Тек сынып жетекшілері, мектеп әкімшігі, кезекшілер ғана қарайды. Кешегі жағдайдан соң оқушыларға киімін сыныпта қоясыңдар дедік. 500 оқушының ғана киімі сияды. Жалпы 2054 оқушы оқиды”, – дейді Абай атындағы №3 мектеп директорының оқу-ісі жөніндегі орынбасары Әсем Серіктесқызы.
Білім ошағының басшылығы киім ілетін бөлмеден шығатын қосымша тағы бір есік ашудан басқа амал жоқ екенін жеткізді. Қазір облыс білім басқармасы мектептегі гардеробқа жаңа штат беруді жоспарлаған. Үймелеген балалардың арасынан шыға алмай аяқ астында қалған 6-сынып оқушысының жағдайы қазір жақсы. Тек денесінің көгерген жерлері бар. Кешегі жағдайдан кейін есеңгіреп қалған қыздың демікпесі бар дейді әжесі. Немересін емханаға қаратуға алып келген ол топырлаған оқушылардың ортасында қалған қызыма ауа жетпей, соның салдарынан құлады деп отыр.
“Тексерістен өткіздік. Бәрі жақсы. Сынған жері жоқ. КТ, МРТ жасаттық. Бәрі жақсы деп айтты. Денесінде көгерген жерлері бар. Аяғында, қолында. Аманшылық болса, келесі аптада мектепке барады. Демікпесі бар ғой. Есепте тұр”, – дейді оқушының әжесі Қарлығаш Тұңғышбаева.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!