Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Шиелі ауданының «Ортақшыл» ауылында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен салынған дәрігерлік амбулатория ашылды. Рәсімге Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мархабат Жайымбетов, Мұрат Ергешбаев, Мұрат Әбенов, жауапты сала басшылары, қоғам қайраткерлері мен ауыл тұрғындары қатысты.


Аймақ басшысы жиналған қауымды Жаңа жылмен құттықтап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы, құрылыс, денсаулық сақтау салаларындағы жаңашылдықтарды атап өтті.

«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдағы денсаулық сақтау саласының маңызын айқындап, медицина мамандарының мәртебесі мен беделін арттыру үшін жағдай жасауды тапсырды.
2024 жылы облыстың денсаулық сақтау саласының бюджеті 146 млрд. 200 млн.теңгеге жетті.

Ұлттық жоба аясында барлық ауданда 10 млрд. 200 млн. теңгеге 27 медициналық нысан салынды. Оның ішінде, Шиелі ауданында 2023 жылы 3 дәрігерлік амбулатория Досбол би, Бала би, «Бұланбай бауы» ауылдарында бой көтерді. Тәуелсіздік күні «Тартоғай» және «Алмалы» елді мекендерінде дәрігерлік амбулаториялар ел игілігіне табысталса, күні кеше Әбділда Тәжібаев және «Бестам» ауылдарындағы медицина мекемелері іске қосылды. Бүгін, «Ортақшылда» жаңа дәрігерлік амбулатория ашылуда. Ұлттық жоба аясындағы ғимаратты сапалы салып, мерзімінде аяқтаған «Бақ Береке – 2030» мекемесінің ұжымына Сыр жұртшылығы атынан шынайы ризашылығымызды білдіреміз!
Жаңа амбулаторияда ауыл тұрғындарына бастапқы медициналық көмек сапалы әрі дер кезінде көрсетіледі деп сенеміз. Егемен еліміздің еңсесі биік,Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Жаңа 2025 жыл құтты болсын!»,- деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Жиында Сенат депутаты Руслан Рүстемов жиналған жұртшылықты құттықтады. Ауданның өсіп-өркендеуіне еңбек сіңірген аға буын ардагерлер мен құрылысшылар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!