Мамыр айынан бастап Salem Social Media компания­сының  бастамасымен YouTube және AiTube-тан Pizнесмен Қанат сериалы көрерменге жол тартты. Сериал белгілі әзілмен, жерлесіміз Қанат Әлжаппаровтың өміріне негізделген.  Карантин уақытындағы Қанаттың қандай қиындыққа тап болғанын сериалдан аңғаруға болады. 10 бөлімнен тұратын кино туындының авторы жергілікті әзілкештер. Сериалдың маусымашар бөлімі 6 күннің ішінде 1,2 млн қаралым жинап үлгерген. Сонымен миллиондардың көзайымына айналған киноның жай-жапсарын ақтарып көрсек.

Қанат ӘЛЖАППАРОВ:

КАРАНТИН КИНОҒА ҚАДАМ
БАСТЫРДЫ

Қанат ӘЛЖАППАРОВ

2005 жылдан бері әзілдің айналасында жүріп, КВН-ге шықтық, бертен келе Әзіл әлеміне қабылдандық. Сахнада жүргеннен кейін танымалдығымыз арта бастады. Әуелі Алланың берген бағы деп қояйын, одан кейін сахнадағы ұстаздарым. Тұрсынбектың көп шарапатын көріп, халықтың оң бағасына ие болдым. Әзіл әлемі арқылы бірнеше жобаларға шақырту алдым. Әсіресе киноларға ұсыныс көп түсетін. Сонда кастингке баруға жүрексініп, сылтау айтумен біршамасын кері қайтардым. Қателеспесем, 2013 жылы Қайрат Нұртастың «Өкініш» фильміне бір эпизодқа түскенмін. Содан кейін киноға беттеген емеспін. Былтыр аяқ асты әлемде пандемия болып, карантин басталып кетті. Соның салдарынан көп жұмыс тоқтап қалды. Әсіресе мәдениет саласындағылар концерттер мен шоу бизнестен қол үзіп, үйде жатқаннан басқа ештеңе бітірмеді (күліп). Соның бірі – өзім. Бүкіл тіршілігім тұралап, нәпақа табудан қалдық. Үйде ештеңе бітірмей жатқан еркектен абырой қашатынын сонда білдім. Шыны керек, карантин барлығымыздың алдағы уақытқа қамсыз екенімізді көрсетті. Әр нәрсенің бір қайыры болады. Карантин ойламаған жерден киноға қадам бастырды. Көбісі бұл сериалды автобиографиялық кино деп ойлап жатыр. Бірақ бұл сценаристердің ой қиялы. Арасындағы эпизодтар менің өмірімнен деп айтуға болатын шығар. Дегенмен шын өмірде кәсібім жоқ. Егерде кәсіппен айналысатын болсам сериалдағы образды қайталауым мүмкін (күліп). Киноға басты рөлді сомдағаннан кейін әу баста сьемкадан жатырқағанымды жасырмаймын. Бұрын-соңды мұндай түсірілімді көрмеген соң алғашқы бөлімдерде қысылдық. Кәсіби қызметкерлерден жағымсыз пікір естіп қалмаймыз ба деген де ойлар болды. Бірақ барлығымен тіл табысып, үйренісіп кеттік. Кинодағы ең қиын түсірілім ауылда болды. Қалжан ахунға барғанымызда ең бірінші ауа-райы кедергісін тигізді. Жаңбыр жауып, дауыл болды. Күн-райы жақсарғанда ауылдағы ащы су ұрттап алған «братандар» шықты. Не мынау, не істеп жатсың деп түсірілімге кедергісін келтірді. Іштей ауылға бекер келдім бе деп қоям. Бір риза болғаным, сол кадрларға ауыл тұрғындары түсті. Бірде-бір кәсіби актер болмады. Берілген рөлдерді жоғары деңгейде алып шықты. Кино барысында туған жерім құрмет көрсетті. Түсірілім алаңдарындағы офистердің қожайындары арқамды қағып, тегін берді. Тәулік бойы қызмет көрсететін супермаркет кино үшін түнгі 11-де қызметін тоқтатып, таңғы 9-ға дейін ақысыз түрде ғимаратты берді. Сондай-ақ өңірдегі азаматтар да демеушілік көрсетіп, біраз септігін тигізді. Сериалға атсалысқандардың барлығына алғысым ерекше.

Абдусаид ТӨЛЕГЕНОВ:

Кино Salem Social-ға
қалай өтті?

Карантин уақытында Алматыдағы жұмысымыздан демалыс алып, туған жерге бет бұрдық, Қызылордаға келсем «Қорқыт жастары» КТА командасының капитаны Әділбек Сапаров жігіттермен бірлесіп, Қанатқа сериал жазып жатыр екен. Маған идеядан бұрын олардың қозғалып, Қызылордада бір нәрсе түсірейін деп жатқан ниеттері ұнады. Қолда бар мүмкіндікті пайдаланып, жігіттердің туындысын Salem Social-ға ұсындым. Медиа компанияға идеяның ұнаған тұсы алдымен Қанаттың өзі қызықтырды. Содан кейін киноның түсіретін локациясы. Қызылорда қаласында түсірілетіндігі Salem Social-ды таңғалдырды. Бірден компания басшысы тездетіп, дайындап түсірілімін бастаңдар деген ұсынысын айтты. Мен үшін уақыт жағынан өте рекордтық жылдамдықта түсірілді. 10-15 күнде сценарий жазылды. Әрине бұл уақытта логикалық тұрғыда идеалды дүние шығуы мүмкін емес. Бірақ сценаристер аз уақыттың ішінде тұшымды дүние шығарды. Барлығын сүзгіден өткізгеннен кейін Алматыдан түсірілім тобын Қызылордаға алып келіп, аз ғана уақыт дайындықпен бастап кеттік. Бас аяғы 10 серияны дайындауға 1,5 ай уақыт кетті. Финалдық нәтижесін көрсек, жоғарғы сапалы кинолармен тең дәрежеде екенін аңғаруға болады. Бюджет? Айтуға болмайды. Аз ақша емес!

САНАТ ЖҮЗБАЙ:

САНАТ ЖҮЗБАЙ:

СЕРЖАН БРАТАНМЕН САЛЫСТЫРАТЫНДАР КӨП

Ұйымдастырушылар киноны түсіреміз дегеннен кейін актерларды іріктеу үшін кастинг жарияладық. Кастингке шамамен 70-ке жуық үміткерлер қатысты. Нартай Бекежанов атындағы драма театр мен жастар театрының артистері келді. Уақыт тығыз болғаннан кейін кастингты жылдам өткізу керек болды. Бір түсінгенім, театр мен киноның аурасы екі бөлек екен. Өйткені кәсіби актердың өзі кастингке келгенде камераны көріп, тосылып қалғандар болды. Тіпті театрдағы қойылымда көрермен көзайымы болып жүрген артистардың өзі кастингтен өте алмады. Жайдарманшылар, КТА ойындарына қатысып жүрген әзілкештер де үміткерлер қатарында болды. Режиссер Дархан Сәркеновпен бірге бір аптаның ішінде шешім қабылдап, актерларды іріктедік. Түсірілім басталғанда қобалжыған актерлар да кездесті. Қанаттың келіншегін сомдаған Зарина бастапқыда қысылды. Кейіннен Қанаттың ауылына барған кезде шынайы Нұргүлдың образын көріп, ашыла бастады. Бізді, ең таңқалдырғаны, ауылдағы локация болды. Қанаттың достары өмірдегі көрінісін боямасыз көрсеткенде алматылық түсірілім тобы «басын шайқады». Дархан осы уақыт аралығында танымал бірнеше фильмдердың басы қасында болса да ауыл адамдарынан мұндай сәтті кадр көруі алғаш екен. Жұмыс барысында барлығы жақсы бола бермейді ғой. Кейбір эпизодтарға түскен массовкалар сәтсіз шығып, продюссерден сөз естігенімді жасырмаймын. Қызылорда шағын болғандықтан барлығы сәтті бола бермейді. Егерде түсірілім Алматы қаласы секілді мегаполисте болса, массовканы табу қиындық тудырмайтын еді. Сондықтан барлығын дұрыс бағалағанымыз жөн. Сериалда ең сәтті шыққан кадрдың бірі Қайрат Әділгерейдің образы. Қайрат түсірілімде тәжірибесі мол екенін байқатты.  Мысалы, таңғы 7-ден түнгі 1-ге дейін жоспарланған түсірілім мерзімінен 5-6 сағат бұрын аяқталды. Барлық кадрға 1 ғана дубльмен түсті. Ал түсірілім барысында ең ұзағы 6 дубль болды. Локациялардың әр жерде болғаны уақыт жоғалтты деуге болады. Киноға түскендердің арасынан ең ерекше ұнаған Қанаттың досы Әкімжанның жұбайы болған  Баян Қали есімді актриса. Ауылдағы келіндердің көрінісін керемет көрсете білді. Онан бөлек Асылхан Ерниязов, Асқар Оразалиев, Әділбек Сапаров, Қызғалдақтың рөлін сомдаған Жазира қарындасымыздың шеберлігіне тәнті болдым. Pizнесмен Қанат жарыққа шыққаннан кейін көбісі Сержан братанмен салыстырып жатыр. Ең алдымен мынаны түсінгеніміз дұрыс. Екі сериалдың жанры екі бөлек. Біздің туынды комедиялық бағытта. Сонымен қатар фильмге түсіп атсалысқандардың барлығы жергілікті мамандар, жергілікті актерлар. Ал Сержан братан сериалында жастарға үлгі болып жүрген ұстаздар, танымал тұлғалар тартылған, Екеуін салыстыруға болмайды.

ӘДІЛБЕК САПАРОВ:

ӘДІЛБЕК САПАРОВ

КИНОНЫҢ АЛҒАШҚЫ АТАУЫ ҚАНАТ MARKET

Pizнесмен Қанат «Қорқыт жастары» КТА командасының пилоттық жобасы болды. Карантин басталған сәтте Қанекеңмен бас қосып, сериал түсіруге идея туындады. Қанекең карантинде дүкен ашып, бизнес бастағасы келеді. Осы ойдан сценарий жазылу басталып кетті. Демеушілер тауып 2 сериясын түсіріп көрдік. Кейіннен Абдусаид Төлегенов ағамыз жобамыз жайында естіп, Salem Social Media-ға ұсынды. Қазақстандағы беделді компания ұсынысты қолдап, сериалды түсіруге қаржы құйды. Жігіттермен қайта жиналып жазылған сценарийды толығымен өңдедік. Киноның алғашқы атауы Қанат Мarket болды. Сценарий өңделгеннен кейін атауы да өзгеріп, Pizнесмен Қанат деп қойылды. Неге өздеріңіз түсірмедіңіздер деген сауалдар жиі қойылды. Біріншіден, біздің 10 серия түсіруге мүмкіндігіміз болмады, екіншіден Salem Social Media секілді кәсіби мамандарымыз, мықты құрылғыларымыз жоқ. Жай ғана әуесқой форматта 2 серияны түсірдік. Әділхан Орынбаев, Айдос Кемаділдаев секілді авторлармен бірігіп, үш аптаның ішінде сериалдың сценариын жазып бітірдік. Бір жағынан уақыт тығыз болды. Сержан Серікбаев пен Абдусаид Төлегеновтың да көмегіне жүгіндік. Көрерменнің көбі  киноның сценариын Қанаттың өмірінен алған деп жатыр. Бірақ басым бөлігі ойдан құрастырылған. Себебі Қанаттың дүкені жоқ. Жай ғана Қанаттың есімін яғни танымалдылығын сериалға пайдаландық. Жалпы кино карантинде жұлдыздар не істеп жатыр деген сұрақтың жауабы болды. Авторлардың  кино сценарийдегідей болса екен деп алаңдайтыны бар. Сол уайыммен соңына дейін жүргеніміз рас. Бірақ, Құдайға шүкір, барлығы ойдағыдай болды. Себебі ең танымал топ біздің өнімді түсірді. Режиссер Дархан Саркенов осы уақытқа дейін  My Love Айсұлу, Ұлы дала комедиясын түсіріп, халықтың алғысын алған маман. Құдай қаласа, жалғасы  болады деген ойдамын. Қаралымы да жаман емес. Көптің көңілінен шығып жатыр деген ойдамын. Егер Salem Social Media компаниясынан ұсыныс болса, жалғастыруға ниеттіміз.

АСЫЛХАН ЕРНИЯЗОВ:

АСЫЛХАН ЕРНИЯЗОВ

Кастингсіз келдім

Киноға шақырту болған жоқ. Өзіміздің өнім болды. Командадағы жігіттердің идеясымен  2 сериясын түсірдік. Пилоттық жоба қолдауға ие болып, үлкен жұмыс басталып кетті. Кастингсіз қатыстым деуге болады. Себебі бастапқы 2 сериясын режиссер көргеннен кейін қабілетімізді байқап, басты рөлді сомдауға мүмкіндік алдық. Сериалда Тұрсынбек есімімен дүкен қызметкері болдым. Образ өзіме қатты ұнады. Бұрыннан әзілдің маңайында жүргендіктен бұл рөл оң жамбасыма келіп тұрды. Мысалы, білімді математик немесе данышпанның рөлін сомдау қолымнан келмейді. Өйткені шынайы өмірде күлкіге жақын адаммын. Түсірілімнің дені түнгі 12-ден таңғы 9-ға дейін болды. Себебі күндіз супермаркетке кесіріміз тимеу керек болды. Сериал кино әлеміндегі алғашқы дебютым болғандықтан басқа жұмыстарымды ысырып қоюға тура келді. Түсірілім басталған сәтте Қараөзек ауылындағы мәдениет үйінде қызмет атқарып жүрдім. Басшылық шығармашылықпен айналысуға, киноға түсуіме тосқауыл болмады. Қайта арқамнан қағып, демеп рұқсатын берді. Сериал барысында қызықты жағдайлар көп болды. Жалпы өзіміздің туынды болған соң барымызды салдық. Тұрсынбек образы Қабатовқа қатысы жоқ екенін жеткізейін. Тек сценаристердің әзіл ретінде ойлап тапқаны. Бірінші серияны көрген болсаңыздар басында Қанат дүкенге қызметкер қабылдап жатқан кезде есімімді сұрайды. Есімім Тұрсынбек деген кезде Қанекеңнің «Тұрсынбекті жұмсау арманым еді» дегенін көпшілік Қабатовпен байланыстырып жатыр. Бұл есім көрермен назарын аудару үшін қойылған деуге келеді.

КОММЕНТ ТІМЕ

Pizнесмен Қанаттың алғашқы сериясы YouTube желісіне жүктелген сәттен бастап, көрермен тоқтаусыз пікір қалдыруда. Бүгінде бастапқы бөлімге 2052 комментарий жазылған. Көрерменнің желідегі жазбаларына шолу жасасақ.

Думан Сайфуллаев:

– Қазақстан сериалдар зауыты болады-ау. Өйткені екінің бірі, егіздің сыңары сериал түсіріп кетті. Бұл бір жағынан бәсекелестікке апарады. Ал бәсеке бар жерде, сапа бар!

Малик Шариков:

– Тұрсынбектен кетіп, бөлек тіршілік бастағаның дұрыс болды, Қанат.

Мағжан Абытов:

– Көңілден шықты, келесі сериясын күтеміз! Жарайсың!

Бекзат Ержанов:

– Халықтың 90% ақша таба алмай жүр қазір, сол үшін бұл жағдайға дәл түсірілген екен!

Нұртас Төлеуқанов:

– Халықтың арқасында шалқып жүргендеріңді жалғыз мойындаған сериал.

Қазақша әрекет:

– Қызылорданы көрем деп ойламадым, күшті көрінеді екен кинода.

Махамбет Орынғали:

– Әзілі аз сияқты ма қалай, көптен бері күтіп, көп күле алмадық қой.

Didonchek:

– Жарайсың! Жақсы шыққан. Бір күліп алдық. Ордадан осындай кинолар неге көп түсірмейді? Блогер, вайнерлер іске сәт. Қанат, алға! Өте шынайы, соның үшін ұнатамыз!

QazaQ:

– Айналайын ақ Қанат, қанатың талмасын. Көңілден шықты. Өте еркін, шынайы шыққан. Жалғасын асыға күтеміз. Атақты Сәбира Майқанова, Серке Қожамқұловтар көтерген ұлы көштің жалғасы бол. Тіл-көзден, қисық әдеттен Алла сақтасын.

Қызық дерек:

Күні кеше киноның бас продюссері Қанат Әлжаппаров қызды болды. Бір қызығы, сәбидің есімін Екіншісерия қоймақшы екен. Неге деген сауал туындауы мүмкін. Pizнесмен Қанат сериалының 2 сериясы желіге жүктелген сәтте Қанаттың келіншегі Нұргүл перзентханадан сүйінші хабарды жеткізген екен.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!