2021 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік Кодексі қолданысқа енгізілді.
Әкімшілік рәсімдер мен әкімшілік сот ісін жүргізу – заңдылық, әділдік, құқықтарды, бостандықтар мен заңды мүдделерді қорғау, соттың белсенді рөлі, әкімшілік сот ісін жүргізудің ақылға қонымды мерзімі, сот актілерінің міндеттілігі қағидаттар негізінде жүзеге асырылады.
Ең бастысы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі бойынша судьяларға істі нақтылауға көмектесетін дәлелдерді, құжаттарды қосымша сұратып, дәйектер толық емес деген жағдайда өз бастамасымен оларды жинатуға мүмкіндік берілді.
Айта кету керек, кодекстегі «Сот бақылауы» деген арнайы тарау аясында судья өзі қабылдаған шешімнің орындалуына тікелей бақылау жасайды.
Соттың шешімі заңды күшіне енгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде сот орындау үшін жауапкерге жібереді. Жауапкер әкімшілік іс бойынша соттың шешімін заңды күшіне енген күннен бастап бір ай мерзімде орындауға және ол туралы сотқа хабарлауға міндетті. Егер соттың шешімінде белгіленген мерзімде талаптар ерікті түрде орындалмаған жағдайда, сот осы Кодекстің 127-бабында белгіленген мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады. Соттың шешімін, ақшалай өндіріп алу туралы соттың ұйғарымын орындамау – даусыз тәртіппен осы Кодекстің 127-бабының 9-бөлігінде белгіленген мөлшерде қайталап ақшалай өндіріп алуға алып келеді. Ақшалай өндіріп алу жеке тұлғаға, лауазымды адамға, заңды тұлғаға не оның өкіліне он айлық есептік көрсеткіштен бастап бір жүз айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде қолданылады. Сот ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы ұйғарым шығарады, оның көшірмесі ақшалай өндіріп алу қолданылатын адамға табыс етіледі. Ақшалай өндіріп алуды қолдану туралы мәселені қарау өзіне қатысты мәжбүрлеу шарасы қолданылатын адамға алдын ала хабарлана отырып, сот отырысында жүргізіледі.
Сот процестік құқықтарды теріс пайдаланатын немесе процестік міндеттерді орындамайтын тұлғаға, оның ішінде сот белгілеген мерзімді дәлелсіз себептермен бұза отырып дәлелдер ұсынылған, тапсырмалар орындалған жағдайларда, егер бұл әкімшілік істі қараудың созылуына алып келсе, әрбір әрекет, әрекетсіздік үшін он айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолдануға құқылы.
Соттың талабын, сұрау салуын орындамағаны, әкімшілік іске қатысушы адамның сотқа келмегені, сотқа уақтылы хабарламағаны, кері қайтарып алуды уақтылы бермегені, сот отырысында төрағалық етушінің өкімдеріне бағынбағаны, сотта белгіленген қағидаларды бұзғаны, сондай-ақ сотты және судьяны құрметтемегені туралы анық куәландыратын өзге де әрекеттер, әрекетсіздік үшін сот жиырма айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде ақшалай өндіріп алуды қолданады.
Соттың шешімін, соттың тараптардың татуласу, медиация немесе дауды партисипативтік рәсім тәртібімен реттеу туралы келісімін бекіту туралы ұйғарымын орындамағаны үшін сот осы сот актісінде ол бір айдан аспайтын мерзім ішінде орындалуға жататын мерзімді көрсете отырып, жауапкерге елу айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ақшалай өндіріп алуды қолданады.
Ақшалай өндіріп алуды төлеу ұйғарым табыс етілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады және ол республикалық бюджеттің кірісіне өндіріп алынады. Егер республикалық бюджетке салынған айыппұлды төлемесе, ақшалай өндіріп алу қолданылған тұлға апелляциялық шағым бере алмайды. Сонымен бірге, ақшалай өндіріп алу қолданылған тұлға оны төлеуден босату немесе ақшалай өндіріп алу мөлшерін азайту туралы өтінішхатпен сотқа жүгінуге құқылы.
Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотының бас маман-сот отырысының хатшысы А.Ысқақова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!