Қазгидромет 2021 жылғы қарашаға арналған консультативтік ауа райы болжамын жария етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қараша – күзден қысқа біртіндеп ауысу кезеңі. Бірінші онкүндіктің басында Қазақстанның солтүстігінде, шығысында және орталығында, 3 қарашадан бастап еліміздің оңтүстік өңірлерінде, онкүндіктің соңында республиканың солтүстік – батыс жартысында атмосфералық ауа ағындарының өтуіне байланысты жаңбыр мен қар жауады, тұман, көктайғақ, желдің күшейіп, кей жерлерде бұрқасын болады. 3-4 қарашада республиканың басым бөлігі Карск теңізі аудандарынан ығысатын суық антициклонның ықпалында болады, ауа температурасының төмендеуі салдарынан аяз түсуі мүмкін (батыс аймақтарды қоспағанда): – Қазақстанның батысында түнде 0,+8°С-тан -5+2°С-қа дейін, күндіз +10+18°С-тан 0,+10°С-қа дейін; – елдің солтүстік-батыс жартысында, орталығында және шығысында түнде -5+5°С-тан -5-15°С-қа дейін, қиыр шығыста -20°С-қа дейін, күндіз +2+8°С-тан -3-10°С-қа дейін; – ҚР оңтүстігінде және оңтүстік-шығысында түнде -3+5°С-тан -1-13°С-қа дейін, күндіз +10+16°С-тан -5+3°С-қа дейін. Бірақ кезеңнің ортасынан бастап температура біртіндеп жоғарылайды деп күтілуде.

Екінші онкүндіктің бірінші жартысында Қазақстанның басым бөлігінде ауа райын солтүстік-батыс циклон анықтайтын болады, соған байланысты құбылмалы ауа райы күтіледі: екпінді жел, бұрқасын, жауын-шашын (көбінесе қар түрінде) болады. Содан кейін суық ауа массаларының Ресей аумағынан енуімен екінші онкүндіктің соңында, үшінші онкүндіктің басында және соңында температуралық фонның төмендеуі болжанады.

Республиканың солтүстігінде, солтүстік-батысында, шығысында және орталығында ең суық күндері термометр бағаналары түнде -17-25°С-қа дейін, күндіз -8-13°С-қа дейін, ал елдің батысында, оңтүстігінде және оңтүстік- шығысында – түнде -5-17°С-қа дейін, күндіз -2-7°С-қа дейін түсуі мүмкін. Күндізгі уақытта елдің солтүстік жартысында аяздың әлсіреуінде ауа температурасы әлсіз оң мәндер шегінде болады, оңтүстік жартысында ауа температурасы +3+12°С-қа дейін жоғарылайды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!