Фото: Синьхуа

Қытайлық инвесторлар Қазақстандағы кәсіпорындарына өз елінен 30 пайызға дейін жұмысшы әкелуге құқылы, – деп хабарлайды KAZINFORM.

– Біздің статистикаға сәйкес, шетелдік жұмысшылар көбіне Өзбекстаннан келеді, Қытай жұмысшы саны жағынан екінші немесе үшінші орында болуы мүмкін. Жұмыс орындарына келсек, қытайлық жұмыс берушілер инвестициялық келісімшартқа сәйкес белгілі бір мерзімге келеді. Мысалы, зауытты үш жыл ішінде салу қажет болса, инвестициялық келісімшарт аясында қазақстандық тараппен бірге жұмысшылардың құрамын талқылайды. Қанша пайызы Қытай жағынан, қанша пайызы Қазақстан жағынан болатынын келіседі, – деді Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Асқарбек Ертаев орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, талапқа сәйкес жұмысшылардың 70 пайызы Қазақстан азаматы болуы тиіс.

– Қытай тарапынан келген мамандардың үлесі 30 пайыздан аспайды. Бұл норма заңнамада көзделген, әрбір инвестициялық келісімшарт жеке тәртіппен қаралады. Ал Қытайдан жұмысшылардың ағылып келу қаупіне келсек, біз ондай тәуекел байқап отырған жоқпыз. Шетелдік жұмыс күшінің келуін және олардың жұмыспен қамтылу жағдайын тұрақты түрде бақылап отырамыз. «Көші-қон туралы» заңға сәйкес, ең алдымен ішкі еңбек нарығын қорғау басты қағида, – деп толықтырды спикер.

Бұған дейін қазақстандықтар жұмыс істеуге көбіне қай елдерге баратыны туралы жазған едік. 

Айта кетейік, Қазақстанда қандас мәртебесін ұзарту тәртібі жеңілдетілді.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!