Қазақстандық актриса әрі блогер Дарья Александрова 3 жыл көлемінде ауыр науқас балалардың анасымыз деп алдап, ақша алып келген жас қыздардың ұсталғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Алаяқтарды Алматы қаласы Әуезов ауданының полицейлері тауып, қамауға алған.

Актрисаның сөзінше 22 жастағы күдіктілер 2019 жылдан беру науқас балалардың құжаттарын, суреттері мен видеоларын пайдаланып, ақша тауып келген.

“Мен оларға сендім және бұл оқиғаны сіздермен бөлістім, өйткені олар барлық құжаттарды ұсынды, онда алаяқтардың бірінің аты «ана» деген бағанда жазылып тұрды. Менің сұрауым бойынша баланы көрсетіп, менің атым айтылған видеоны да жіберді. Бірақ бәрі жалған болып шықты! Видеода олар менің атымды айтып, дауыстарын қосып қойған екен”, – дейді Дарья Александрова.

Қыздар актрисадан кешірім сұраған. Ата-аналары бұл жағдай туралы білсе, кешірмейтінін айтқан.

“Қыздардың есі дұрыс, 22 жаста, қолдарында iPhone. Әдемі киінеді, шаштарын сәндейді. Олардың салқын қандылығына таң қалдым. Неге осы лас әрекетпен айналысқан 3 жылында ата-аналарын ойламады”, – деді блогер.
Тіпті, алаяқтарды бірі актрисаға: “Сіз де адамсыз, мені түсініңіз, маған өз қажеттіліктеріме ақша керек болды”, – деген. Бұл сөз оның ашуын келтірген. Ол ешбір қиындық адамдардың есебіне немесе алдап ақша алу арқылы өмір сүруге себеп болмайтынын атап өтті.

“Оларға бәрібір! Мен мұндай адамдар өзгереді деп сенбеймін! Егер алаяқтар мені банктік шотым арқылы алдаса, өзімді айыптар едім. Ал мұнда ауру балалардың өмірі! Осындай адамдардың кесірінен жедел жиналуы қажет шынайы жинақтарға деген сенім әлсірейді, ал мұндай балалар үшін әрбір күн маңызды!”, – дейді Дарья Александрова.

Актриса әділдік орнату үшін 3 күнін өзге істерін ысырып қойып, полиция бөлімінде өткізген. Алаяқтық жасаған екі қыз заң алдында жауап беруі керек екенін атап өтті.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!