ҚР Білім және ғылым министрлігі екіге бөлініп, ҚР Оқу-ағарту министрлігі және ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі құрылды. Тиісті Жарлыққа Мемлекет басшысы қол қойды. ҚазАқпарат құжат мәтінін оқырман назарына ұсынады.

***
Қазақстан Республикасының мемлекеттік басқару жүйесін одан әрі жетілдіру жөніндегі шаралар туралы

Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 3) тармақшасына сәйкес мемлекеттік басқару жүйесін жаңғырту және тиімділігін арттыру мақсатында ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі:

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, қосымша білім беру, балалардың құқықтарын қорғау, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді цифрландыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігіне;

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру, тіл саясаты, ғылым, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру мен ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді цифрландыру саласындағы функциялары мен өкілеттіктері беріле отырып, Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігіне бөлу арқылы қайта ұйымдастырылсын.


2. Мемлекеттік органдар берілетін функциялар мен өкілеттіктерге сәйкес қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органның құқықтары мен міндеттемелерінің құқықтық мирасқорлары болып белгіленсін.

3. Қазақстан Республикасының Үкіметі:

1) қайта ұйымдастырылатын мемлекеттік органның штат санын Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісім бойынша қайта бөлуді;

2) осы Жарлықты іске асыру жөнінде өзге де шаралар қабылдауды қамтамасыз етсін.

4. «Қазақстан Республикасы Үкіметінің құрылымы туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 1999 жылғы 22 қаңтардағы № 6 Жарлығына мынадай өзгеріс пен толықтырулар енгізілсін:

1-тармақ мынадай мазмұндағы жолдармен толықтырылсын:

«Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі;

Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігі;»;

«Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі;» деген жол алып тасталсын.

5. Осы Жарлықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне жүктелсін.

6. Осы Жарлық қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаев

Нұр-Сұлтан, Ақорда, 2022 жылғы 11 маусым

№ 917

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!