Ынтымақ ықшам ауданының халқы 1200 балаға арналған ғимарат құрылысы жұмыстарының аяқталуын тағатсыздана тосып жүр. Себебі төрт жарым мың адам тұратын елдімекенде мектеп жоқ. Сондықтан оқушылар екі,үш шақырым жердегі қалаға қатынап оқиды.
Көпшіліктің көкейтесті проблемасын шешетін жоба 2021 жылы басталды. Содан бері мердігер мекеме бекітілген жұмыстың 90 процентін аяқтаған. Құрылыс алаңында қазір де 150 шақты адам еңбек етіп жатыр.
«Қазір есіктерін күтіп отырмыз. Есіктерін салғананнан кейін бояу жұмыстарын жүргіземіз. Сыртқы жұмыстарының асфальты салынып тұр. Екінші қабатын саламыз. Чернозем төгіп қойдық, енді шөп егу қалды. Гүлдерді отырғызып қойдық», – дейді құрылыс учаскесінің бастығы Талғат Кәрібжанов.
Жоспар бойынша нысан қазан айының соңында ел игілігіне беріледі. Сол кезде Ынтымақ, Жастар және Үшінші бөлімше деп аталатын ықшам ауданындағы оқушылар жақын әрі жаңа мектепте оқитын болады.
«Нысанның шарт бойынша құны 3,6 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде білім беру ұйымдарының инфроқұрылымын қолдау қорынан 1,8 млрд теңге бөлінген. Қалған 1,8 млрд теңгесі бюджетен бөлінген. Қазір жұмыс графикке сай жүргізілуде», – дейді облыстық құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Бауыржан Орманов.
Жетісу облысында биыл 11 мектеп салынып, үшеуі сәуір айында пайдалануға берілді. Тағы екеуі бірінші қыркүйекте оқушыларды қабылдайтын болады. Қалған ғимараттардың құрылысы келесі жылы аяқталады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!