Жамбылдағы шекара бекетінде борышын өтеп жүрген кезде көрші ел шекарасынан денесі табылған сарбаз Ұлықбек Бердішовтың қанынан сараптама қорытындысы бойынша спирт пен есірткі табылды. Алайда марқұмның ата-анасы бұл мәліметтің растығына келіспейтіндерін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Мәйітке сараптама қорытындысы Тараз қаласында жасалып, жақында нәтижесі шыққан. Қорытынды бойынша марқұмның бұлшық етінен 0,12 пайыз этил спирті мен ішкі құрылысынан 3 моноацетилморфин деп аталатын есірткі табылған. Алайда сарбаздың ата-анасы бұл деректерге сенбейтінін, ұлдарының өз-өзіне бұлай қол жұмсауы мүмкін еместігін айтады.

Тіпті темекі де шекпейтін ұлдарының бұндай әрекетке барамайтынын білеміз дейтін олар ұлдарының адам қолынан қаза тақанына күдіктенентіндерін айтады.

“Сараптамадағы нәтиже жалған. Барлық кінәні менің марқұм баламның мойынына артқысы кедеді. Әскерде жүрген адамда қайдағы есірткі?”,- деді әкесі Айдарбек Бердішов.

Сарбаздың отбасы тергеудің әділ жүргізілуін талап етіп, көрші елде тағайындалатын сараптама қорытындысын күтетіндерін айтты.

Еске салсақ 19 жастағы Ұлықбек Бердішов 40 күндей жоғалып кетіп, кейін Қырғызстан шекарасынан жартасқа асылып тұрған жерінен табылған болатын.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!