Қызылорда облысында контрабандалық жолмен халық тұтынатын тауарлар әкелу дерегі анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті мамандары аталған қылмыстық істің жолын кесті.

«Халық тұтынатын тауарлар Өзбекстаннан жеткізілген. Оның жалпы құны – 43 млн. 299 мың теңге. Жалған мәлімдеме жасау арқылы 22 млн. 799 мың теңге залал келтірілген. Тергеу барысында 19 млн теңгенің тауары бұғатталды. Қылмыстық іс тергелуде», – деді департаменттен.

Айта кетсек, биылғы жылдың 6 айында департамент өндірісінде 41 қылмыстық іс болды. Олардың 24-інің өндірісі аяқталып, 15 қылмыстық іс сотқа жолданды. Келтірілген залал – 1, 8 млрд теңге. Оның 881 млн теңгесі өндірілді.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылордада заңсыз ойын бизнесін ұйымдастырушылар жазаға тартылды.

Олардың біріне 1 000, екіншісіне 200 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл жазасы тағайындалды.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!