Қызылордада есірткі өндірілетін зертхана жойылды

ҚР ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті қызылордалық әріптестерімен бірлесіп, синтетикалық есірткі өндіретін зертхананы жойды.

Есірткі өндіруге қатысы болуы мүмкін деген күдіктіге бақылау жедел түскен ақпаратты тексеруден кейін жүргізіле бастаған. Нәтижесінда күдікті тұрмыстық химия қаптамасына жасырылған, ішінде синтетикалық есірткісі мен сұйықтығы бар сәлемдемені алып жатқан жерінен ұсталды.

Күдіктінің пәтерін тінту кезінде есірткіні өндіру фактісін дәлелдейтін есірткі заттарының қалдықтары бар ыдыс-аяқ, электронды таразылар, бояғыштар, жеке қорғаныс құралдары табылды.

Оның телефонының ішіндегі ақпаратты зерттегеннен кейін полиция қызметкерлері есірткі жасырылған 13 жерді анықтады. Ішінде синтетикалық есіртікісі бар 21 түйіршік тәркіленді. Ұсталған адам көрсеткендей, ол бұл есірткілерді мессенджерлер арқылы сатқан, төлемді ақша ағындарын бақылау қиын болу үшін криптовалютамен алып отырған. Жалпы екі литр сұйық синтетикалық есірткі және сатылымға дайын есірткі түйірлері алынды.

Осыған байланысты кұдіктіге қатысты есірткі дайындау және оны сату фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдіктінің мүлкі тәркіленіп, 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Қазіргі уақытта жедел-тергеу іс-шаралары жүріп жатыр, есірткі арналары мен есірткі саудасына қатысы бар адамдар анықталып жатыр.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!