Қазақстандық Мағжан Шамшадин Ханчжоуда өткен Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Туризм және спорт министрлігіне сілтеме жасап.
Үшінші орын үшін күресте отандасымыз Тәжікстаннан келген палуан Мерзод Суфиевті жеңді. Жекпе-жек 60 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өтті.
«Мағжан өте мықты қарсыласпен жекпе-жекте нағыз мінез танытты. Мен оны шын жүректен құттықтаймын және боз кілемдегі еңбегі үшін алғыс айтамын. Бұл оның қанжығасындағы соңғы үлкен марапат емес екеніне сенімдімін», – деді ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев.
Ол бұған дейін ширек финалда Солтүстік корея спортшысы Кванджин Чаэні вазари әдісімен жеңді. Жартылай финалда Оңтүстік Корея спортшысы Ли Харимге жол берді.
Мағжан Шамшадин 1997 жылы Қызылорда қаласында дүниге келген. 2022 жылы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанды.
Енді ел құрамасынан Ғалия Тынбаева (52 келі) қола жүлдеге таласады.
Сондай-ақ, ел құрамасынан дзюдошы Абиба Әбужақынова (48 келі) Азия ойындарында күміс жүлдегер атанды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!