Қызылорда тұрғыны жоғары шенді полицейдің баласы өз ұлын ұрды деп айыптады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Әйелдің айтуынша, 15 жастағы жасөспірім өзінің 12 жасар ұлын ұрып-соққан. Бала ауруханаға түсті.

Оқиға 7 наурыз күні «Тарлан» спорт кешенінде болған. Екі ұл арасында жанжал шығып, салдарынан 12 жастағы оқушы зардап шекті.

«7 наурыз күні сағат 15:00-де «Тарлан» спорт клубында Қызылорда ҚІІБ-нің кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Елдей Сейілханның баласы кәмелетке толмаған ұлымды қатты соққыға жыққан. Ол жерге барғанымызда ұлымның ауыр жарақат алғанын көрдік. Кінәлі полиция басқармасында жұмыс істейтін әкесіне телефон соқты», – дейді әйел.

Оның айтуынша, оқиға орнына жеткен баланың әкесі де жанжал фактісі бойынша арыз жазған.

«Біздің үстімізден қылмыстық іс қозғалды, баласында бірде-бір тыртық болмаса да, бізді айыптаған. Ал біздің арызымыз тіркелмеген. Осы жағдайды қарап шығуыңызды өтінемін», – дйді баланың анасы.

Қызылорда ОІІБ бастығының кадр жұмысы жөніндегі орынбасары Елдей Сейілхан оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтып берді.

«Спорт кешенінде жаттығу кезінде жігіттер арасында төбелес болған. Баламның айтуы бойынша, әлгі бала оны итеріп жіберген. Жауап ретінде бір-екі рет ұрған, сосын бізге телефон соққан. Бірақ біз келгенше сол баланың әкесі баламды ұрған. Бізді неге күтпеді деп сұрадық. Мысалы мен көліктен түскенімде әкесі жағамнын ұстап, жұлқылады. Сондықтан мен бірден өзімді таныстырып, билікте жұмыс істейтінімді айттым”, — деді Елдей Сейілхан.

Полиция қызметкерінің айтуынша, оның ұлы да ауруханада, травматология бөлімінде жатыр.

«Ұлымыздың соққыға жығылғаны туралы әйелім арыз жазды. Тергеу басталды. Барлығын заң аясында шешу керек деп есептеймін», – деді Елдей Сейілхан.

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жанжалдың мән-жайы анықталып жатқанын хабарлады.

«Тексеру жұмыстары басталды», – деп хабарлады полиция департаменті өкілдері.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!