Зарина АЙСАУЫТОВА, Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы:

  

‒ Зарина, сіз ұсынған идея өндірістік қалдықтардан суды тазалау үдерісінде модификацияланған кальций силикатын қолдануға бағытталғанынан хабардармыз. Өндірістік қалдықтағы су деп отырғанымыз бірнеше рет пайдаланған су түрі ғой, солай ма?

Ең алдымен жобаның өзектілігі туралы айтсам, қазір тұщы судың жетіспеушілігі, ауыз судың өндірістік, ауылшаруашылық ағын сулармен ластануы кезек күттірмейтін мәселенің бірі болып отыр. Өндірістік ағын су дегеніміз ‒ зауыттардан ағып шығатын ауыр металдармен, өзге де зиянды, токсинді заттармен ластанған су. Оны қайта қолданысқа енгізуде мен зерттеген силикатты сорбенттің рөлі ерекше, ол ағын су құрамындағы темір катиондарын сорбциялай алады.

  ‒ Су құрамына кальций силикатын қосудың химиялық тұрғыдан тиімділігі қандай? Суды қайта пайдалану кезінде бұл қоспа қауіпті әсер бермей ме?

‒ Зерттеу жұмысының алдында басты назар құрам бөліктердің және құрал-жабдықтардың қолжетімділігінде болды. Біздің тәжірибемізде сорбент кальций силикаты ‒ кальций хлориді мен натрий силикаты негізінде алынды. Бұл ‒ қолжетімді әрі адам денсаулығына зиянсыз құрам бөліктер. Олардан алынған кальций силикатының да ешқандай қаупі жоқ. Оны сорбент ретінде пайдаланғаннан кейін метал изолациялық құрылғыларын жасауға, керамика, фарфор дайындауға қолданса болады.

Кальций силикаты сорбент ретінде жақсы сүзгіш болып есептеледі және оның  ерігіштігі төмен, кеуектілігі жоғары. Бұл дегеніміз сорбцияның жақсы нәтиже беретінін көрсетеді.

Силикатты сорбент су құрамын тазарта алады

Зарина ғылыми жетекшісі Марат Сыздықбаевпен бірге тәжірибе жасау барысында

 ‒ Жобаның артықшылығы қандай?  Кемшін тұстары жайында не айтар едіңіз? Жобаның әлемдік немесе отандық тәжірибеде баламасы бар ма?

‒ Жобаның басты артықшылығы ‒ экономикалық тиімділігінде. Осыған дейін сорбент алу жобасына жоғары температура мен бір сағаттан аса уақыт қажет еді. Ал менің жобамда сорбентті небәрі 15 минутта, қысқа толқынды пеште алуға болады. Кемшін тұстары туралы айтатын болсам, көп мөлшерде сорбент алу бірнеше тәжірибе жасауды талап етеді, сондай-ақ өлшеу жүргізуде сыртқы факторлардың (температура, жел, артық дене) әсері үлкен өзгерістерге ұшыратады. Сол себепті, зерттеумен айналысу білімді ғана емес, ұқыптылық пен аңғарымпаздықты да талап етеді. Айта кетейін, кальций силикатын өндіру жобасының дәл осы қысқа толқынды пеште синтездеу әдісімен алынған баламасы жоқ.

‒ Идеяны тәжірибеде сынау барысында қалай іздендіңіз?

Ең алғаш сорбент алу бағытында жоба жасау идеясын ғылыми жетекшім Марат Сыздықбаев ұсынған еді. Кейін осы тақырыпта ұзақ іздене келе, әдебиеттерге көз жүгірте отырып, жаңа идеялар туындады. Алғашқыда тәжірибе барысы бірнеше рет сәтсіз аяқталды. Алайда, әр тәжірибеден соң кемшіліктерді қағазға жазып алып, келесі жолы қайталамауға тырыстым.

‒ Бүгінде жоба өндіріс орындарына ұсынылды ма? Осы орайда мектептегі басқа да жетістігіңізбен бөліссеңіз…

 ‒ Осы жылы  Қорқыт Ата университетпен бірлесе отырып, жобаға патент алдым. Әзірге жобаны өндірістік орындарға ұсыну жоспарымызда жоқ. Себебі сорбентті көпфункциялы ету үшін параметрлерін өзгертуге жұмыс жасағым келеді.

     Жобаны Назарбаев Зияткерлік мектептері арасында өткен ғылыми жобалар байқауында қорғап, І орын иеленгенім осы жылғы басты жетістігім болды. Қазір республикалық кезеңге дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Жобадан бөлек, мектептің сабақтан тыс бағытында да белсенді болуға тырысамын. “Әл-Фараби” шаңырағының лидерімін, сондай-ақ мектепішілік өзін-өзі басқару ұйымына мүшемін. Жақында өткен олимпиададан да жүлделі орын иелендім. Өзімді дамыту мақсатында неміс тілі және TedEd үйірмелеріне де қатысамын.

‒ Сұхбатыңызға рақмет!

Гүлдана ЖҰМАДИНОВА

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!