Кейінгі кездері жасөспірімдер арасында омыртқаның қисаюы дендеп барады. Бүгінде еңсесін тік ұстаған баланы кездестіру мұң болды. Омыртқа жотасының бір бүйірге қарай қисаюын медицинада сколиоз деп атайды.
Өткен жылдың статистикасы бойынша, 13 мыңға жуық балаға сколиоз диагнозы қойылған, ал жылына 200-ден астам балаға ота жасалады. Сколиоз диагнозы қойылғандардың 80%-ы – 18 жасқа дейінгі балалар. Дәрігерлердің пікірінше, еліміздегі әрбір екінші баланың омыртқа жотасы қисық. Аурудың нақты себебі жоқ, оған әртүрлі фактор әсер етеді. Омыртқа қисаюының кең тараған екі түрі бар: бірі – туабітті сколиоз, екіншісі – жүре пайда болған сколиоз. Қазір жүре пайда болған сколиоздың идиопатикалық түрі жиі кездеседі, яғни неден пайда болғаны белгісіз. Бұл ауру жас тобына қарай былай жіктеледі:
3 жасқа дейінгі балаларда – инфантилді сколиоз.
4-10 жас аралығындағы балаларда – ювенилді сколиоз.
11-18 жастағы балаларда – жасөспірімдік сколиоз.
Идиопатикалық сколиоздың негізгі 4 сатысы бар:
1-дәреже: 0-100С
2-дәреже: 10-250С
3-дәреже: 25-500С
4-дәреже: 500С жоғары
Біз дәл осы идиопатикалық сколиоз туралы зерттеп көруге тырыстық. Сколиоз диагнозы қойылғандардың омыртқа иілімі «С» немесе латынның «S» әрпіне ұқсас болады. Идиопатикалық сколиоздың оқушының партада, үстелде түзу отырмауы, шамадан тыс ауыр жүк көтеруі, дұрыс тамақтанбауы, қимыл-қозғалыстың жоқтығы сынды фактордан да өршуі мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, сколиозды дер кезінде анықтай алмаймыз. Бала ауруды білмей, ұзақ уақыт жүріп қалуы мүмкін. Егер де мына белгілердің бірін байқап-сезсеңіз, дереу ортопед дәрігерге барып, тексерілу қажет:
– Арқа мен белдің ауру сезімі;
– ұзақ уақыт отырған кезде, омыртқаның, жауырын мен мойынның талуы;
– омыртқаның кез келген аймаққа қисаюы;
– үстелде бір қалыпта отыра алмай, мазаның қашуы, тез шаршау;
– иықтың біріншісі екіншісінен ұзын болуы, түзу болмауы;
Сколиоз жасөспірімдік кезеңде, бала тез өсетін шақта ғана байқалып жатады. Егер дер кезінде дәрігердің көмегіне жүгінетін болсақ, емдеу оңайға соғады. Аурудың нақты емі жоқ. Әр науқастың диагнозына, ауру себебіне, аурудың деңгейіне қарай түрлі ем жасалады. Өкінішке қарай, елімізде ересектерде де аурудың асқынған күрделі сатысы кең тарап барады. Басты себеп – бала кездегі ауруға бей-жай қарау. Омыртқа адамның негізгі тірек-қимыл жүйесі болғандықтан, дене бітіміне үнемі көңіл бөліп отырған жөн. «Егер сколиозды уақытылы емдемесе, дененің өзге де бөлігінің қисаюына әкеп соқтырады, ішкі органдарға да әсер етіп, жүрек пен тыныс жолдарына зақым келеді», – дейді мамандар.
Сколиоздың дамуына тағы бір себеп – мектеп партасының бала жасына, ерекшелігіне сай болмауы. Қазір мектептердегі партаның 70%-ы стандартқа сай келмейді. Бұл жайында талқылау болды, әзірге мәселе шешіле қойған жоқ. Ал жыл сайын омыртқа ауруларының саны артып барады. Әлем елдері сколиозбен күресуге емес, алдын алуға көп көңіл бөліп жатыр. АҚШ, Жапония, Австралия, Қытай, Сингапур секілді дамыған елдер жыл сайын мектеп оқушыларын бәріне міндетті скринигтен өткізеді, тіпті сколиоз диагнозын қойған балаларға арнайы мектеп те бар. Жапонияда сколиозға арналған мектептік скрининг бағдарламалары заңмен міндеттелген.
Мұнымен қатар сколиозды қолдан жасап жатқанынымызды да аңғара бермейміз. Таң атқаннан кеш батқанға дейін телефонға телміріп отырған бүлдіршіндердің болашағы мен денсаулығына алаңдамасқа шара жоқ. Белгілі нейрохирург Мыңжылқы Бердіқожаевтың айтуынша, жастардың телефонға тәуелділігі тоқтамаса, ұрпақ маймылтектес адамға айналуы мүмкін.
«Мұны кері эволюция дейміз. Эволюция барысында иығымызды ашып, түзу жүруге бейімделдік, алайда қазір жастар еңкейіп алып, екі көзін телефоннан алмай отырады. Бұл адам анатомиясының өзгеруіне әкеледі. Мексикадағы Тулум деген жерге саяхаттап барып, пирамидаларына экскурсиядан өткенімізде, гидтерден мынадай қызық ақпар естідім. Мая халқы ұзақ уақыт бойы дөңгелекті қолдануға тыйым салған. Дөңгелек күнге ұқсайды, ал күнді арбаға жегіп қоюға болмайды деген түсінік бар. Халық ауыр жүкті арбаның көмегімен емес, басына қойып көтеріп тасыған екен. Соның әсерінен адамдардың бойы мен мойыны тым қысқа болып қалған. Ұзақ уақыт бір әрекет қайталана берсе, келесі ұрпақтың анатомиясы соған бейім болып келеді. Бұл әрекет мыңдаған жыл бойы қайталана бергендіктен, мая халқының бойы 1.5м-ден аспаған», – дейді жастардың денсаулығына алаңдаулы дәрігер.
Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеген тиімді. Телефонға телміруді тоқтатып, салауатты өмір салтын ұстану ғана деннің саулығын нығайтады. Би, балет, жүзу, таэквандо, скандинавиялық жүріс секілді т.б. спорттық секцияға барсаңыз, сколиозбен дос болмайсыз. Ең бастысы, жыл сайын ортопед маманға баруды ұмытпаңыз.
Анель Мұхтарқызы
А. Селезнев атындағы Алматы
хореографиялық училищесінің
3-курс студенті
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!