Елдің тыныштығы мен береке-бірлігі, қоғамның тұрақтылығы әрқашанда әділдік ұғымымен ұштасып жатады. Дана халқымыз «Елге бай құт емес, би құт», «Турашыл би елін оздырады, тумашыл би елін аздырады», «Тура биде туған жоқ» дегендей, бидің мәртебесі ерте заманнан-ақ айқындалған.
Ал, бүгінгі күні әділ сот актілері арқылы соттың қоғам алдындағы беделін күшейтіп, сенімін арттыру, дауласқан жандарды өзара келісім арқылы мәселелерін шешу – сот жүйесінің мақсаты.
Тәуелсіздік жылдары ішінде қамауға алу – прокуратурадан соттарға берілді, мамандандырылған, тергеу соттарытиімділігін көрсетті, алқабилер қарайтын істер санаты ұлғайтылды. Өткен жылы жеке тұлғалар мен мемлекеттік органдар арасындағы жария-құқықтық дауларды қарайтын әкімшілік соттар тәжірибиеге енгізілді.
Сот төрелігін іске асыру, сот ісін жүргізудің барынша ашықтығына қол жеткізу бойынша жұмыстарды оңтайландырудың бірі заманауи цифрлық технологияларды қолдану болып табылады. Соның бірі – «Сот кабинеті» ақпараттық сервисі. «Сот кабинеті» – сот органдарының сервисіне электронды түрде қолжетімді біртұтас терезе.
Қазіргі таңда атқару парақтары жүз пайыз электронды нұсқада дайындалады. Сот актісі қабылданғаннан кейін әр іс бойынша бойынша «Төрелік» ақпараттық жүйесінен шығатын атқару парағының дайын үлгісіне керекті тараптар және сот актісі бойынша орындалуға жататын әрекеттер таңдалып орындауға жолданады. Сонымен қатар «Сот кабинеті» сервисінің пайдаланушылары құжаттардың орындалғаны туралы хабар алып отырады.
«Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасы аясында соттарда «Мінсіз судья», «Үлгілі сот», «Әділ процесс», «Е-СОТ», «Оңтайлы орта», «Сапалы нәтиже», «Татуласу: сотқа дейін, сотта» деп аталатын жобалық бағыттар белгіленіп, аталған жобалар аясында республика соттарында ауқымды шаралар атқарылды. Мұнан өзге, Билер кеңесі, «Виртуалды сот», «Түнгі сот», «Отбасылық сот», «Бітістіруші – судья», «Отбасылық кеңес», «Сотқа дейінгі хаттама»қоғамның сұранысын дөп басқан жобалар болды.
Сот жүйесінің заман көшінен қалыспай, қарқынды дамуын сот отырыстарының «WhatsApp», «TrueConf» және «Zoom» мобильді қосымшаларының көмегімен өткізілуімен байланыстырсақ артық айтқандық емес.
Тәуелсіздік жылдарында сот билігі толық қалыптасып, заманның заманауи жетістіктеріне қол жеткізді.
Қорытындылай келе, қазіргі таңда сотқа енгізілген жаңа технологиялар сот ашықтығының кепіліне айналды. Соттардың тәуелсіздігін одан әрі нығайту жолында сот шешімдерінің ашықтығы мен жариялылығы қамтамасыз етуге ықпалын тигізді.
Қызылорда облысының мамандандырылған әкімшілік сотының судьясы А.Сарсенбаев
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!