Бүгін кәсіп бастаймын, ертең пайдаға кенелемін деу қате. Оған бірінші ізденіс керек. Қуантатыны, қазір идеяны игілікке айналдырып, жаңа бағытта жұмыс істеуге мүмкіндік мол. Әсіресе бизнеске енді қадам басқан жастардың тәжірибелі маманнан кеңес алып, нәтижеге жетуіне жағдай жасалуда. Тіпті болашақта кәсіпкер болуды армандайтын оқушылардың да мүмкіндігі көбейді. Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің «Startup Talapker» жобалар байқауын ұйымдастыруы соған дәлел.
Ерекше байқау облыстағы мектеп түлектерін кәсіпкерлікке баулу, инновациялық стартап жобаларды қолдау мақсатында ұйымдастырылуда. Сайысқа өңірді дамытуға үлес қосатын, инновациялық әдістер мен технологиялар қолданылатын жобалар қатыстырылады. Жобаның шектелген бағыты жоқ және әлеуметтік жобалар байқауға қатыстырылмайтынын ескеру керек.
– «Startup Talapker» облыс бойынша алғаш рет ұйымдастырылуда. Байқауға облыстағы барлық аудан мен қала (Қызылорда, Байқоңыр) мектептерінің 11-12 сынып оқушылары қатысады. Сайысқа қатысу үшін екі немесе үш оқушы топқа бірігіп, тек бір жобаны ұсына алады. Бір мектептің атынан қатысатын топтардың саны шектеусіз, – деді университеттегі «Business Start» жастар кәсіпкерлігі орталығының басшысы Жанарыс Түбекбаев.
Байқау 15 сәуір мен 15 мамыр аралығында өткізіледі. Қатысушылар 15 сәуірге дейін www.startuptalap.kz сайтына тіркеліп, толық ақпаратпен таныса алады. Айта кету керек, сайыс 3 кезеңнен тұрады. Онлайн форматта өтетін өтінім қабылдау кезеңінде қатысушылар сайт арқылы тіркеледі. Мұнан кейін онлайн форматта жартылай финалға қатысып, іріктеуден өткен жобалар ЗУМ-сессия арқылы қорғалады. Ал үшінші кезеңде жобасын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің Студенттер сарайында қорғайды.
Байқауда І орын иеленген топ мүшелеріне Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінде білім алуға 100 процент жеңілдік беріледі. Ал ІІ орын иеленген жеңімпаздар – 50, ІІІ орын иеленген топ мүшелері 25 процент жеңілдікке ие болады. Байқау серіктестері – Қызылорда облысының білім басқармасы, облыстық жастар ресурстық орталығы, «Ybyrai» қоғамдық қоры және «Сыр үміті» қоғамдық қоры.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!