Заман ағымына қарай еліміздің сот саласы ақпараттық технологиялардың көмегімен жұмыс жасауға көшті. Осы орайда күнделікті жаңартылып отыратын соттардың ресми сайттары, халыққа қолжетімді «Сот кабинеті», «Сот құжаттарымен танысу», «Сот істерін қарау кестелері», «Сотқа шақыру қағазы», «SMS-хабарлама», «Дыбыс-бейнеге жазу» жүйелері халыққа электронды қызметті тиімді көрсетіп отыр. «Сот кабинеті» сервисі арқылы сот құжаттарын және істерді іздеуге, мемлекеттік бажды онлайн түрде төлеуге, істі қарау барысын қадағалауға, «Сот органдарынан шығатын ресми құжаттарды апостильдеу» мемлекеттік қызметін ішінара алуға, «Талдау» форумына (сот практикасын қорыту) ауысуға болады.
Одан бөлек, соттардың ашықтығының бірден-бір дәлелі танылатын сот отырыстарын аудио-бейне жазба құралдарымен түсіріп алу жүйесі қызмет көрсетуде.
Соттарда заманауи технологиялар дамудың қарқынды шегіне жетті десек болады. «Төрелік», «Сот кабинеті» секілді электрондық ақпараттық сервистерінде халыққа қызмет көрсету тетіктері ұлғайды. Сонымен бірге, соттарда халыққа ақпараттық кеңес беру мақсатында WhatsApp нөмерлері мен Телеграмм-бот каналдары іске қосылды.
Айта кету керек, «Сот төрелігінің жеті түйіні» бағдарламасы аясында сот жүйесіне ауқымды істер жалғасын тапты. Бітістіруші – судья, «Түнгі сот», «Отбасылық сот», соттардағы фронт-офистер, «Отбасылық кеңес» беру сияқты жобалар халыққа тиімділігін дәлелдеді.
Өткен жылға дейін азаматтар мен мемлекеттік органдар арасындағы жария-құқықтық даулардың азаматтық процестік заңнама шеңберінде қаралуы қоғамның талабына сай болмағаны айқын. Мемлекеттік орган мен жеке және заңды тұлғалар арасында дау туындағанда басымдықтың қай жақта болатынын айтып, болжам жасаудың керегі жоқ. Шын мәнінде әкімшілік ресурсы қуатты мемлекеттік органмен соттасатын қарапайым азаматтар арасындағы айырма жер мен көктей екені рас. Өткен жылы Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі күшіне еніп, жаңа соттар қызметін басттады.
Бүгінгі күні ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексі мемлекеттік органдардың ішкі әкімшілік рәсімдерін, әкімшілік рәсімдерді жүзеге асыруға байланысты қатынастарды, сондай-ақ әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібін реттеп отыр. Ал, мемлекеттік органдар, әкімшілік органдар, лауазымды адамдар, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалар осы Кодексте реттелетін қатынастардың қатысушылары болып табылады. Заң шеңберінде мемлекеттік органның жеке және заңды тұлғалар әрекетіне шағым түсіре алмауы да оңды өзгеріс дер едік. Бұған қоса, жария-құқықтық дауларда азаматтардың бұрынғыдай өзінің позициясының дұрыстығын дәлелдеуі де алынып тасталды.
Тәуелсіз сот – ел тірегі дей келе, соттардағы реформалар мен жаңашылдықтар соттар үшін емес, ең әуелі азаматтар үшін жүргізіліп жатқанын ескерген жөн деп санаймын.
Қызылорда облысының мамандандырылған
ауданаралық әкімшілік сотының
кеңсе меңгерушісі Г.Каликова
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!