«Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Қазақстан Республикасының Заңы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл саласындағы қоғамдық қатынастарды реттеуге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатты іске асыруға бағытталған. Аталған Заңда қаншалықты қатерге бой алдыратынымыз да нақтылап көрсетілген.

Жалпы, «сыбайлас жемқорлықтың» не екенін білмейтін адам жоқ. Оны түсіндіріп отырудың өзі артық болар. Оған тек пара алу, пара беру ғана кірмейді, қызметін асыра пайдалануда сыбайлас жемқорлықтың бір сатысы. Ал мұнымен күрес толастаған емес. Қазақстаннан өзге алпауыт мемлекеттер үшін де бұл өзекті мәселе. Барлық елдерде оның трансұлттық сипаты танылып, оған қарсы экономикалық, құқықтық және басқада шаралар қолданылып келеді. Ал бізде алдын алу үшін неше түрлі жұмыстар жүргізілуде.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының мақсаты – ашықтық пен жариялық, тазалық. Мақсаттың айқын, жоспардың жүйелі болмауын көбінесе сыбайлас жемқорлықпен байланыстырып жатамыз. Шын мәнінде жемқорлық мемлекеттің дамуын тежейтін, болашағына кесірін тигізетін індет.

Қазақстанның әр азаматы «мен қайтсем елге үлесімді қосамын» деген түсінікте болу керек. «Егер менің елге көмегім тимесе, онда зияным да тимесін» деген түсінік қалыптастырған жөн. Ең бірінші бізге сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағыттары бойынша жұмыс істеу керек. Болдырмау мақсатында әрекет ету ендігі кеш. «Біріміз бәріміз үшін» деген ұранды ұстансақ, жұмыла көтерген жүк жеңілдің астарын түсінер едік.

Жалпы, сыбайлас жемқорлық – жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдардың, мемлекеттiк функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдардың, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестiрiлген адамдардың, лауазымды адамдардың өздерінің лауазымдық өкiлеттiктерін және соған байланысты мүмкiндiктерiн жеке өзi немесе делдалдар арқылы жеке өзіне не үшінші тұлғаларға мүлiктiк игiлiктер мен артықшылықтар алу немесе табу мақсатында заңсыз пайдалануы, сол сияқты игiлiктер мен артықшылықтарды беру арқылы осы адамдарды параға сатып алу.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат – сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, қоғамның мемлекеттік органдар қызметіне сенімін арттыруға бағытталған құқықтық, әкімшілік және ұйымдастырушылық шаралар және осы Заңға сәйкес өзге де шаралар.

Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық – бұл үшін заңда әкімшілік немесе қылмыстық жауаптылық белгіленген, сыбайлас жемқорлық белгілері бар құқыққа қайшы, кінәлі түрдегі іс-әрекет.

Сыбайластық орын алған, жемқорлық дендеген ортада жаңашылдық болмайды, ақпараттар ел назарынан тыс қалып, көлеңкелі істерді көлегейлеудің барлық тәсілдері қолданылады. Жалпы, сыбайластық кез келген саланы құлдыратып, кері кетуге алып келеді. Ал мұндай жағдайда сапалы қызмет, сындарлы жұмыс, оң нәтиже туралы айту мүмкін емес. Осыған орай сыбайлас жемқорлықпен күресу бүгінгі күннің басты талабы болып отыр.

Нұргүл  Жалғасбек,

Қызылорда қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған сотының бас маман-сот отырысының хатшысы

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!