Бекбол Қаратайұлы 1997 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Қорқыт ата атындағы университетте журналистика мамандығында білім алған. Университет қабырғасында жүргенде белсенділігімен көзге түсті. Сөйтіп ІІ курстан бастап “Мәселе” бағдарламасында ұзақ мерзімде тәжірибеден өтіп, жұмыс істеді. Сондай-ақ аймақтың төл арналарының сайтында қызмет атқарды. 2019 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» МК облыстық филиалының баспасөз маманы болды. Екі жылдың ішінде түрлі ақпарат, сұқбаттармен қоса онлайн құжат тапсыру жөнінде кеңес беріп отырды. Ол “Ұшқыр қалам” номинациясының иегері. Жетістіктері де біршама. Бүгінде Қызылорда облыстық «Сыр үміті» қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің атқарушы директорының орынбасары. Сонымен қатар Қызылорда су жүйесі мекемесінде баспасөз хатшы.
“Мен патриотпын” дейтіндер көп. Десе де “сіз патриотсыз ба?” деп сұрағанда жауап беруге тосылып қалатындардың қатары оданда көп. Мұны біліп те, естіп те жүрміз. Жалпы біздің түсінігімізде патриот ол елінің жанашыры, Отанды қорғаушы азамат. Еліне, жеріне деген сүйіспеншілікті жоғары қоятын тұлға. Біз бұл сауалды Бекболдан да сұрап көрдік.
– Патриот – елін аузымен емес, арымен, жанарымен емес, жүрегімен, боямасымен емес, болмысымен сүйе алатын ерекше жаратылыс. Біздің елде мұндай шынайы патриот аз емес. Алла сол тұлғаларға ұзақ ғұмыр бергей!, – дейді ол.
Биыл Тәуелсіздікке – 30 жыл. Егемендікке қалай жеткеніміз, ешкімге тәуелді болмай, өз алдымызға қалай мемлекет болғанымыз белгілі. Ата-бабамыздың ерен еңбегі бізге бейбіт өмір сыйлады. Осылайша біз тыныш өмір сүріп келеміз. Мемлекетіміз өркейді, кеңейді. Бұл мерекеде кімнің болса да жылы тілегі бары анық.
– Тәуелсіздік – үміт шырағындай, тыныштық тұрағындай, бақыттың сыңарындай аяулы ұғым. Алаш жұртының сол аяулы ұғымды жанымен, жүрегімен сезінгеніне биыл – 30 жыл. Осы мерейлі мезетте барша жерлестерімді құттықтаймын. Елдігіміздің еңсесі биіктей бергей. Тәуелсіз Қазақстанның ғұмыр қоржыны қуат пен шуаққа тола берсін, – деген Бекболдың жылы лебізі бар.
“Тәуелсіздікті қалай сезінесіз?”. Бұл сұрақ сізге қойылса қалай жауап берер едіңіз, ойланып көріңізші. Ал Бекболдың жауабы көңілге қонымды. Әрбір жас Тәуелсіздікті осылай бағаласа ғой…
– Мақсат Дауылбай есімді жанашыр ағама осы сұрақты қойғанымда “Абайына тағзым ете алмаған, Мағжан, Әлихандарын ақтай алмаған қиямет кезеңдерді алмастырған бүгінгі күнімізді Тәуелсіздікке балар едім”, деген еді. Мен осы ойға қосыламын. Тәуелсіздік менің ұғымымда – есерліксіз еркіндік, бәтуасыз емес білімділік, ибалы имандылық және еңселік егемендік. Тәуелсіздік – ол кеудеден еркін шыққан сөз, жалтақтамай алған жеңіс, жыламай ішкен ас, – деп қортындылады әңгімесін.
Мөлдір САБЫРЖАН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!