Тәуелсіздік – ұлттың, халықтың, елдің еркіндігі, бастың бостандығы. Біздің еліміз Тәуелсіздікті алу жолында сан сынақтан, аумалы-төкпелі дәуірден өтті. Талай боздақтарымыз ел үшін, ұлт үшін, Тәуелсіздік үшін бастарын қатерге тігіп, жандарын қиды.

  Қазақстан,  1991 жылдың 16- желтоқсанында ТМД елдері арасында өз Тәуелсіздігін жариялады. Бұл – әрбір қазақ азаматы үшін бөркін көкке лақтырып, қуаныштан жылаған күн. Бүгінгі таңда біздің тұғырлы туымыз, еңселі елтаңбамыз, айбатты әнұранымыз бар, егеменді, зайырлы Қазақстан мемлекетіміз. Халқымыздың терең тарихын,  батыр ұл-қыздарымыздың ерлігін, киелі жеріміздің байтақтығын, байлығын ақын ағаларымыз жырлап келеді. Сол жырларды жаттап, көкейге түйіп, елімізге лайықты азамат болып өсуге міндеттіміз, басқаша болуға біздің құқығымыз жоқ, бүгінгі бақытты күніміз үшін қаншама ерлер тер төкті, жанын қиды. Сол батырлардың армандаған ұрпағы біздің білімді, дені сау Отанымыздың лайықты ұл-қызы болып өсуі қажет. Апа – ағаларымыздың қайталанбас ерлігіне тағзым етеміз.

  «Киелі жер» деген сөздің өзі үлкен мәнге, мағынаға ие. Оның астарында тоғысып кететін бүкіл бір тағдырдың тауқыметі мен қасиеті жатыр. Сондықтан да еркіндікті аңсап, бостандықты көксеп  өткен хандарымыз үшін, біз үшін тәуелсіздікке баға жетпейді.

   Елбасы   «Бойында қаны бар, намысы бар әрбір азамат енді  тәуелсіздікті қалай кемелдендіреміз, елдің көсегесін қайтсек көгертеміз деп ой – санасын қамшылауы керек. Әрбір адам бала кезінен: Қазақстан менің Отаным, оның мен үшін жауапты екені сияқты, мен де ол үшін жауаптымын деген қарапайым ойды бойына сіңіріп өсетіндей болғаны жөн» дейді.

   Биыл Тәуелсіздікке 30 жыл толады. Елдің бірлігі бекем болып , тұғыры биіктеп, тілімізді дамытып, дінімізді ұстанып, ділімізден айнымай, әдет-ғұрпымызды сақтап, дәстүр-салтымызға берік болып, Тәуелсіздіктің қадіріне жетіп, жеріміздің қасиетін сақтауымыз керек.  Бұл – біздің ата-бабаларымыздың алдындағы міндетіміз, ұрпақ алдындағы парызымыз! Біз келешекке бастаушы, келешекті жасаушы ұрпақпыз.

Тәуелсіз елдің ұланы болып, ұранын шырқаудан жалықпайық. Бабалар көтерген Тәуелсіздік туын жоғарыға, биікке желбіретейік!

Асылзат Қайырбекқызы,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда

 университетінің студентті

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!