Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «ҚазАқпарат» ХАА» АҚ электронды нұсқада «Тәуелсіздік туралы 100 әңгіме» кітабын шығарды. Қазақ, орыс және ағылшын тіліндегі электронды кітап – 1991 жылдан бастап бүгінгі күнге дейінгі соңғы үш онжылдықтағы Қазақстан Тәуелсіздігінің жетістіктерімен тікелей немесе жанама байланысты бірегей оқиғалар альманахы.
Спикерлердің көпшілігі тарихи оқиғаның куәгері бола отырып, өздерінің жеке естеліктері мен эмоцияларымен бөліседі, ел дамуының әрбір нақты кезеңінің бұрын белгісіз болған бөлшектерін еске алады. Сонымен қатар, бұл кітапта соңғы 30 жыл ішіндегі экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени процестерді талдайтын салалық сарапшылардың пікірлері келтірілген.
Әңгімелерде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың саясаттағы бейнесі ерекше орын алады. «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына осы кітаптан үзінділер жариялайды. Қатаң құпия жағдайында: ұлттық валюта – теңгені енгізу Сергей ТЕРЕЩЕНКО Қазақстан Республикасының Бірінші Премьер-Министрі 1991-1994 жылдар 1993 жылы совет дәуірі кеңістігінде бірыңғай рубль аймағының құрдымға кетіп бара жатқанына көзіміз жетті.
Осы тұста Президент Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық валютаны енгізу мәселесін шұғыл пысықтауды тапсырды. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша теңгенің тұжырымдамасымен, дизайнымен айналысатын өте шектеулі әрі аса жауапты адамдардан тұратын жабық топ құрылды. Дайындалып жатқан операция туралы ешкім де білмеді – барлығы қатаң құпия жағдайында өтті. Шындығында, Елбасының өзі жаңа валютаны енгізудің қаншалықты сәтті шығатынына қатты алаңдайтын еді. Сондықтан да, ол осы процеске тікелей араласты.
Бұл маңызды кезеңде Экономикалық реформа, қаржы және бюджет мәселелері жөніндегі комитет төрағасы Сауық Темірбайұлы Тәкежанов пен оның орынбасары, кейіннен Мәжілістің бірінші спикері болған Марат Оспановтың ерен еңбегін ерекше атап өткен жөн деп санаймын. Осындай тұлғалардың күш-жігері арқасында Англиядағы қазақтың төл теңгесінің алғашқы партиясы басылып шықты. Қап-қап ақша төрт ИЛ-76 ұшағымен Алматыға жеткізілді. Бұдан кейін осы ұшақтар Лондоннан Қазақстанның облыс орталықтарына тағы 18 рейс жасады.
Бір жағынан сол уақытқа арнайы жерасты қоймалары да дайындалып жатты. Әлбетте, валюта тасу операциясы қатаң құпияда жүзеге асты. Ал әлгі ұшақтарға берілген құжатта «салынып жатқан Президент резиденциясына арналған жабдықтар» деп көрсетілді. Алайда, ең қиыны жаңа ақшаны өңірлердегі барлық банктерге жеткізу болды. Бірақ, бұл жұмыс та сәтті болды, сегіз күн ішінде барлық өңірге ақша жеткізілді. Сосын теңге айырбастаудың өзі де үш тәулік ішінде біз ойлағаннан әлдеқайда жақсы өтті, жұртшылық тарапынан ешқандай түсінбеушілік болған жоқ. Бұл үшін де әрине ең бастысы халқымызға шыдамдылық пен ұстамдылық танытқаны үшін көп рахмет. Расында да, Нұрсұлтан Әбішұлы айтқандай «жаңа валютаны енгізу барысында әлем бойынша осыншама шапшаң әрі табысты операция болмаған да шығар». 1993 жылы 2 қарашада Қазақстан рубль аймағынан шығатындығы туралы мәлімдема жасады.
Нұрсұлтан Назарбаев өзінің теңгені енгізу ниеті туралы көрші мемлекеттердің басшыларын – Ислам Каримовты, Асқар Ақаевты және Сапармұрад Ниязовты жасырын түрде ескертті. Ал 10 қарашада Президент Назарбаев Өзбекстан Президентімен бірге баспасөз конференциясын өткізді, онда екі республика да рубльден бас тартып, өз валютасын енгізетінін хабарлады. 12 қараша күні таңертең Президент Нұрсұлтан Назарбаев теледидар мен радио арқылы ел азаматтарына ұлттық валютаның енгізілетініне байланысты үндеу жасады. «Әрине, валютаны өндіріс құлдырауын тоқтатқаннан кейін және халықтың өмірін жақсартып, ақша жүйесін тұрақтандырғаннан кейін еңгізу оңайырақ болар еді.
Алайда ондай кезді таңдап, күтіп отыруға уақыт болған жоқ. Жағдай қаншалықты күрделі болса да, біз әлеуметтік-экономикалық реформалар бағытын жалғастыруға міндеттіміз», – деп мәлімдеді сол кезде Елбасы.
Осылайша Қазақстан тәуелсіздіктің тағы да бір ең маңызды сатысынан аттады – өзінің ұлттық валютасы бар мемлекет болды.
Теңге – азаматтарымыздың тәуелсіз Қазақстанның болашағына деген сенімін нығайтты, елдің әлемдік аренадағы беделінің өсуіне ықпал етті. Қазақстан төл теңгесін енгізгеннен бастап тәуелсіз қаржы-экономикалық және ақша-несие саясатын жүргізіп, түбегейлі реформаларды іске асыра алды.
Бүгінде қазақстандық теңгенің тұрақтанып, әлемдік валюталар қатарында лайықты орын алғанына ешкім де күмәнданбайды.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!