Кішкентай балалар үшін айналадағы дүниенің бәрі қызық. Олар аспанда қалықтаған ұшаққа қол созып, күні бойы бітпейтін ойын мен таусылмайтын тәттілерді арман етеді. Оларды қуанту қиын дүние емес, бірақ жеткілікті деңгейде көңіл бөлу, тұлға болып қалыптасуына ықпал ету ел алдындағы үлкен жауапкершіліктің бірі. Биылғы жылдың балаларға арналуы тек балаларды ғана емес, дүйім халықты қуантты. Бірақ аталған жылдың науқандық іс-шаралармен шектеліп қалмауы да маңызды мәселе. Бүгінгі балалар үшін бәрі де қолжетімді. Расында бір жыл ішінде балалар үшін не істей аламыз? Олардың болашағы үшін қандай жобаларды қолға алу қажет? Балаларға шын мәнінде не керек? Осы сауалды балалардың өзінен сұрап көрген едік. 

Талқы: Балалар жылы бізге не береді?

       Қарақат ЕСЕНГЕЛДІ, №12 ІТ мектеп-лицейдің 10 «Ә» сынып оқушысы:

      ‒ Балалар үшін маңызды дүние өте көп. Олар ‒ ата-ана қамқорлығы, жақсы орта, адал достар, өмірге құштарлық, білім, қолдау. Бұл дүниелер өмірдің мәнін түсіндіре отырып, жеке көзқарасты қалыптастырады. Соның аясында біз сапалы білім алып, болашаққа сеніммен қараймыз. Балалар үшін заттарға қарағанда ата-ананың қолдауы аса маңызды. Сондай-ақ балалар жылында театр қойылымдары мен тегін концерттік бағдарламалар жиі ұйымдастырылғанын қалаймын. Себебі қалада балалар баратын мәдени орындар аз. Аулаларда ойын алаңдары бар десек, заманауи, әдемі, балаларға көңіл-күй сыйлайтын ойын орталықтарының қызметі ақылы. Балалар жылында балаларға арналған ойын орталықтары тегін қызмет көрсетсе, бізді қуантар еді. Сол кезде өзіміздің іні-сіңілдерімізді емін-еркін, асықпай ойнатушы едік.

Талқы: Балалар жылы бізге не береді?

      Мадина УСАЙН, 10-сынып оқушысы:

     ‒ Ең бірінші материалдық жағдай болса баланың дамуына әсер ететін ойыншықтар, кітаптар алып берген дұрыс. Бірақ баланың бар қалауын орындай беруге де болмайды. Одан «менің айтқаным болу керек» деген мінез калыптасуы мүмкін. Сондықтан жағдайын қажетінше жасау керек.

     Ал моральдық тұрғыдан баланың мінезін қалыптастыруға ненің дұрыс, ненің дұрыс емесін ажыратып, қолдау керек. Керек кезде жұмсақ болып, кей кезде қатты болып жағымсыз дүниелерден бетін қайтарып отырған жөн. Ер балдарды көп еркелетуден көрі еңбекқорлыққа баулыған жөн. Ал қыздарды еркелете отырып тәрбиелген дұрыс.

Талқы: Балалар жылы бізге не береді?

      Айкен ІСКЕНДІР, С.Сейфуллин атындағы №4 мектеп-лицейінің 1-сынып оқушысы:

      ‒ Кез-келген бала үшін тәтті мен ойыншықтар ең қажетті дүние. Мысалы, өткенде әкем үйдегі тоңазытқыштың ішін балмұздаққа толтырып қойыпты. Менің сол кезде қатты куанғаным есімде. Бірақ ертеңіне ол балмұздақтардың маған емес, арнайы іс-шараға алынғанын білдім. Сондықтан балалар жылында балаларға тегін тәттілер таратылғанын және ата-анамның күн сайын тоңазытқышты балмұздаққа толтырып қойса деп айтар едім. Сосын ата-анамның демалысқа шыққан сәтінде мені шетелге жиі апарғанын қалаймын. «Балапан» арнасында күн сайын түрлі елдерді көрсетеді. Менің сол елдерге саяхат жасағым келеді. Егер елімізде балаларға тегін саяхаттауға мүмкіндігі берілсе мен шынымен қуанар едім. 

Талқы: Балалар жылы бізге не береді?

  Нұрдана МАНАСҚЫЗЫ, 4-сынып оқушысы:

   ‒ Менің ойымша, балаларға тәрбие мен білім қажет. Ата-ана баланы дүниеге келген сәттен бастап тәрбиелегені дұрыс. Сәби кезінен бастап дұрыс тәрбиеленген бала мәдениетті, саналы болып өседі. Әрине, бұл ата-анаға тікелей байланысты. Екіншіден, балаға білім керек. Балабақшаға барған кезден балаға білім алудың және білімді болудың маңызын түсіндіру керек. Біз білімді кітаптан аламыз. Сондықтан көп оқу маңызды. Білімді адам көптеген жетістікке жете алады. Біздің елде білімге көп көңіл бөлінгенін қалаймын.

Талқы: Балалар жылы бізге не береді?

       Расул БАҚЫТЖАНҰЛЫ, 2-сынып оқушысы:

  ‒ Маған сабақтан келген соң мультфильм тамашалаған ұнайды. Қазір тек «Балапан» арнасында ғана қазақша мультфильмдер мен балалар киносы беріледі. Бірақ маған кейде анимация кейіпкерлерінің қозғалысы, дауысы қызықсыз көрініп, ұнамай қалады. Сондықтан басқа шетелдік арнадағы немесе телефондағы мультфильмдерді көремін. Биыл біздің жылымызда балалар арнасына қолдау көрсетілгенін қалаймын. Мүмкіндік болса, біз үшін жаңа дүниелер дайындалса және ұлттық, тарихи дүниелердің бәрін біздің деңгейімізде қайта түсірсе қуанар едік. 

      Баланың тәрбиесі үшін қашанда ата-ана, мұғалім жауапты екені белгілі. Сондықтан маңызды тақырып аясында олардың да пікірін білуді жөн көрдік.

Талқы: Балалар жылы бізге не береді?

        Жұлдыз ӘЛЕНОВА, ата-ана:

      ‒ Бала үшін ең маңызды дүние ‒ толыққанды отбасы, ата-ананың қамқорлығы. Жақындарының қолдауын көріп өскен бала мейірімді болады. Екіншіден, баланың өз ойын толық жеткізе білетіндей жағдай жасау қажет. Баламен жақын сырласа білу керек деп ойлаймын. Бала деген кішкентай адам болғанмен олардың ойлары жүйрік болады. Әр бала ‒ өзінше бір әлем. Сондықтан оларға қажет дүниені қазір өздері-ақ түсіндіре алады деп ойлаймын. Мысалы, қазір мен балаларымнан не қажет екенін сұрасам, олар телефон және көп ойыншық деп жауап береді. Байқасаңыз, қазіргі балалар үшін телефон ең қажетті дүниеге айналды. Олар телефон арқылы жаңа заманға бейімделеді, бірақ оның да қолдану шегі болу қажет. Ең бастысы, оларға еркіндік беріп, тұлға болып дамуына көмектесуіміз маңызды деп есептеймін , ‒ дейді ол.

Талқы: Балалар жылы бізге не береді?

     Ақманат НЫСАНӘЛІҚЫЗЫ, ата-ана:

   ‒ Баланы тәрбиелеуде айналасындағы адамдардың қолдауы маңызды екені рас. Бірақ баланы материалдық тұрғыдан да қамтамасыз ету керек. Қазір заманға сай барлық заттың бағасы қымбат. Тіпті балаларға арналған үйірмелердің, киім-кешектің, тағамдардың да бағасын кейбір ата-аналардың қалтасы көтере бермейді. Сол үшін Балалар жылында балаларға арналған үйірмелердің бағасы қолжетімді немесе тегін болса деген ұсыныс айтқым келеді. Қоғамдық шараларда балаларға акция аясында оқуға қажетті құрал-жабдықтар, киімдер тегін үлестіріледі. Бірақ бұл науқандық шара болған соң бір рет қана көмек беріледі. Ал елімізде күнкөріс деңгейі төмен қаншама отбасы бар. Мемлекет тым болмаса жағдайы нашар отбасылар үшін айына бір рет акция ұйымдастырып, қажетті дүниелермен қамтамасыз етсе, балалар алаңсыз өседі деп ойлаймын.

     Ата-ана үшін баланың денсаулығы бәрінен маңызды. «Ұлттың болашағы ‒ дені сау балалар» деген ұранды жиі естиміз. Сондықтан биыл балалар денсаулығына жіті көңіл бөлсек. Әрине алдымен есепте тұрған аурушаң балаларға жан-жақты көмек берілсе, кейін барлық баланың денсаулығы үшін нақты шаралар қабылданса дұрыс болар еді. Мысалы, ай сайын балалардың иммунитетін қалыптастыруға тегін дәрумендер берілсе, олар тексеруден тегін өтетін болса ата-ана үшін үлкен жеңілдік деп есептеймін.  

Талқы: Балалар жылы бізге не береді?

      Сымбат ЖАНИБАЙ, мұғалім:

     ‒ Биылғы жылды «Балалар жылы» деп жарияланғаны өте қуантарлық жағдай. Осы тұрғыда әрбір ересек адамда “мен балалар үшін не істей аламын?” деген сұрақ туындайды. Бұл сұраққа мен де ойландым. “Өнегелі болса ‒ бала көрікті” деген Қорқыт атаның дәйекті сөзі есіме түсті. Ең бірінші кезекте баланың жан-жақты тұлғалық, физиологиялық, психологиялық  тұрғыда дамуына барлық жағдай жасалуы керек. Жаңа Қазақстан үшін   креативті, ізденімпаз, еңбекқор да отансүйгіш, нағыз патриот, ойы, сөзі мен ісі бірлікте болатын, жалпыадамзаттық құндылықтарды жарыққа шығарған жас ұрпақ балаларды тәрбиелеу ‒  біздің басты міндетіміз.  Осындай кемел міңезді, туған жерін риясыз сүйетін, қастерлейтін балаларды тәрбиелеу үшін нақты әрекеттер жасалуы маңызды. Мысалы, өңірде балаларды жас ерекшеліктеріне сәйкес топтастырып, бүкіл республика бойынша «Менің Отанымның жеті кереметі» атауымен туристік саяхаттар, «Ізгілік керуені» фестивалі, шығармашылық, әлеуметтік жобаларды және шетелді тануға бағытталған бағдарламаларды ұйымдастыру қажет. Әрбір өткізілетін іс-шараға тек қала, облыс емес бүкіл аудан мен ауыл балаларын толыққанды қатыстырған дұрыс. Себебі ауыл балаларының әлеуетін көтеру маңызды.  Ең бастысы балаға өзін сүюді үйрету қажет. Өзін-өзі сүйген, таныған бала ол қандай қоғамға болса да еркін араласып, жарқын болашаққа оптимисттік көзқараста болары сөзсіз. Ал менің ұстаз ретіндегі міндетім ‒ балаға қуаныш пен сүйіспеншілік  сыйлай отырып, оқыта тәрбиелеу.

      Әр бала ‒  бір жұлдыз. Сондықтан жас ерекшелігіне сай балаларға сан түрлі дүние қызық. Менің жеке кәсіби тәжірибемнен айтатын болсам, балалар жаңа форматтағы, анимационды, жеңіл әзілдермен көркемделген, қысқаметражды балалар сомдаған телехикаялар, мультсериалдарға көбірек қызығады. Олар өздерін сол хикая кейіпкерінің орнына қойып салыстырма жұмыстарын жүргізеді. Осыдан балаларды, әсіресе ауыл балаларының потенциалын ашу керек деген ой туындайды. Ол үшін жергілікті немесе аудан, облыс көлемінде телевизиялық жобаларды ұйымдастыру және оған қатысу еркіндігі мен ашықтығын қамтамасыз еткен жөн. Ерте жастан коммуникативті қарым-қатынасқа еркін түсе білетін, ішкі жан дүниесі мен сыртқы сұлулығын ұштастыра алатын, пікірлерін орынды және дұрыс жеткізе білетін, талантты да дарынды балаларды жарыққа шығару қажет, ‒ дейді психолог.

Талқы: Балалар жылы бізге не береді?

      Жұлдызай МУЗАРАПШИНА, Абылай хан атындағы №140 қазақ орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі:

     ‒Қазір балалар жылына орай түрлі үйірмелер ашылуда. Бірақ олардың саны бар, сапасы жоқ тәрізді көрінеді. Меніңше, әр мөлтек ауданға үлкен үйірмелер орталығы салыну керек. Сол орталықтың арқасында балалар бір-бірімен араласып, бас қосады. Міне осы жағдайда балалар арасында ешқандай кикілжің болмайды.

    Балалар жылы дегенде балаларды кітап оқуға баулуымыз керектігі тағы бір еске түседі. Оқушыларды телефоннан алыстату үшін кітапқа қалай қызықтырамыз? Меніңше, биыл осы мәселенің де жауабын ізденген жөн. Осы бағытта «Кел оқиық» деген айдармен  фейсбукта жоба жасаудамын. Қазір мектептің жетінші сынып оқушыларына сабақ беремін. Олар көптеген повест, поэма, роман әңгімелерді оқып шықты. Бірақ «оқушылар кітап оқыды екен» деп  сырттан бақылаған дұрыс емес.  Әрі қарай баланы қызықтыру үшін «мен сендерді бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеймін, сендердің еңбектеріңді көпшілікке  осылай насихаттаймын» десе балалар да жақсы нәтижеге ұмтылады. Кітап оқуға баланы тарту үшін осындай  айдарлар қажет сияқты.

    Жоғарыда байқағанымыздай, балалар үшін ең алдымен ата-анасының, жақындарының қолдауы басымдыққа ие. Ал ата-аналар биыл балалардың денсаулығына, білім жүйесіне, материалдық жағдайына қолдау көрсетілгенін қалайды. «Берсең, балаға бер. Жерде бір бала қуанса, көкте бір періште қуанады» деген қазақ қашанда баладан аянып қалмасы анық. Дегенмен бала көңілдің барлық айтқаны ескерілсе, аталған жылдың біз ойлағаннан да берері мол болмақ.

Г.НҰРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!