Бүгінгі күні соттарда медиация рәсімдерін дамыту және насихаттау қарқынды түрде жүргізілуде. Тараптар дауларды сотқа дейін және сотта өзара келісім арқылы реттей алады. Бұл үшін барлық жағдай жасалған. Азаматтардың күрмеуі қиын деген түйіннің өзін татуласу рәсімдерін қолдана отырып, өзара татулықпен шешу мүмкіндігі бар.
Азаматтық дауларды, ұсақ мәселелерді бітістіруші-судьялар, медиаторлардың, басқа да татуласу тетіктері көмегімен шешу жолға қойылған.
Медиаторлар, Билер кеңесі баяғы би-шешендердің орнын басты. Яғни, заманауи бидің рөлінде. Заңдық тұрғыда айтсақ, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 28 қаңтардағы Заңының 1-тарауындағы жалпы ережелерде медиацияның қолданылу саласын айқындап берген. Нәтиже де жоқ емес. Қазіргі таңда сот саласында цифрландыру жұмыстары қарқын алды. Медиация да қазақы қалыппен жаңа заманғы үдерістерді ұштастыра отырып, сапаны жақсарту, жалпы адамдық құндылықтарды сақтап қалу мәселесіне дөп басты.
Тараптар араларындағы дау бітімгершілік рәсімдерімен шешілсе, ең әуелі, бірнеше айға созылатын сот процесі жүрмейді, жариялылық жоқ, яғни тараптардың істері құпия қаралады. Медиация тараптардың арасындағы қатынасты сақтайды. Мемлекет те, жеке тұлға да шығын шығармай, уақыт оздырмай мәселені шеше алады. Екі жақтың мүдделерінің қанағаттандырылуына көмектеседі, шешім ерікті түрде орындалады.
Қорыта айтқанда, медиация – бітімгершілікке бастайтын, дауларды сотқа дейін шешуге ықпал ететін айрықша қызмет. Осылайша, қара қылды қақ жарып, дауды шешудің тура жолын айтып, адамдық қасиетті жоғары қоюға, әр уақытта да сабырлы болуға және ел бірлігін сақтауға үндейтін бабалар ғұрпы әлі күнге дейін өзінің өзектілігін жойған жоқ деуге толық негіз бар.
Жаңақорған аудандық сотының әкімшісінің бас маман-сот отырысының хатшысы Э.Серікбаева
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!