Еліміз егемендігін алған сәттен бастап, тіл мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Мемлекеттік тілді дамыту аясында бірқатар іс-шаралар атқарылып, тіл саясаты бойынша тұжырымдамалар қабылданды.
Жалпы, мемлекетімізде тіл мәртебесі «Қазақстан Республикасының тіл туралы» 1997 жылғы 11 шілдедегі ҚР Заңымен реттелген. Аталған заңға сәйкес, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттiк тiлi. Мемлекеттiк тiл – мемлекеттiң бүкiл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттiк басқару, заң шығару, сот iсiн жүргiзу және iс қағаздарын жүргiзу тiлi. Қазақстан халқын топтастырудың аса маңызды факторы болып табылатын мемлекеттiк тiлдi меңгеру – Қазақстан Республикасының әрбiр азаматының парызы. Үкiмет, өзге де мемлекеттiк, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар Қазақстан Республикасында мемлекеттiк тiлдi барынша дамытуға, оның халықаралық беделiн нығайтуға, барша азаматтарының мемлекеттiк тiлдi еркiн және тегiн меңгеруiне қажеттi барлық ұйымдастырушылық, материалдық-техникалық жағдайларды жасауға, қазақ диаспорасына ана тiлiн сақтауы және дамытуы үшiн көмек көрсетуге мiндеттi.
2023 жылғы 19 сәуірде қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы әкімшілік реформа мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен «Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Заңына бірқатар өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.
Атап айтқанда, 1-баптың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылды. «5) Республикалық терминология комиссиясы – уәкілетті органның жанындағы, экономиканың, ғылымның, техниканың және мәдениеттiң барлық салалары бойынша қазақ тiлiнiң терминологиялық лексикасы саласындағы ұсыныстарды әзiрлейтiн консультативтік-кеңесшi орган;
25-1-баптың 1-тармағы: «1. Уәкілетті органның жанынан – Республикалық ономастика комиссиясы, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдарының жанынан тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары құрылады», – деген редакцияда жазылды.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 16 қазандағы Қаулысымен «Қазақстан Республикасында тіл саясатын дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы» қабылданды. Аталған тұжырымдама 6 бөлімнен және іс-қимылдар жоспарынан тұрады. Тұжырымдама аясында тіл саясатын дамыту бойынша бірқатар межелерге жету көзделіп отыр.
Жалпы, тіл – жұрттың жаны, тілінен айырылған жұрт – жойылған жұрт», «Өз тілін біліп барып, өзге тілді білсе – сүйініш. Өз тілін білмей тұрып, өзге тілді білсе – күйініш», – деп алаш қайраткері Халел Досмұхамедұлы айтқандай, тіл мәселесі – ел тағдыры.
Әрбір азамат өз ана тілін білуге және мемлекеттік тілді меңгеруге міндетті.
Жаңақорған аудандық соты әкімшісінің басшысы Б.Нәлібаева
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!