Қызылордадағы ЗК 169/1 мекемесіне қамауға алынған Жәнібек Еркебаев ұзақ уақыт ауырып, көз жұмған.

Жәнібек Еркебаевтың жары Қызғалдақ Ебіренова марқұмның соңғы күндері қатты ауырғанын айтады.

Оның айтуынша, қайтыс болар алдында бірер күн бұрын жолдасы әрең тыныстап отырған. Тіпті қан құсып, әбден әбігерге түскенін жеткізген. Қызғалдақ Ебіренова осы жағдайдан соң изолятор басшылығына барып, жолдасына ем жүргізу керек екенін айтқан. Алайда бірнеше күн өткен соң сотты болған азамат көз жұмған.

«Соңғы рет барғанымда түрме қызметкеріне қарамағаны үшін ұрысып кеттім. Жәнібек те әбден қиналып отырған. Оған ешкім қарамағаны көрініп тұрды. Басшысынан ауруханаға жатқызуын сұрадым. Ол өзім білемін деді. Енді міне балаларым әкесіз қалды», – дейді Қызғалдақ Ебіренова.

Отыз үш жасында көз жұмған Жәнібек Еркебаевтың артында екі қыз бар. Жарының айтуынша, жолдасына зорлауға оқталу бабы бойынша айып тағылған көрінеді. Алайда жұбайымның еш кінәсі болмады деп мұңын шағуда. Ол «көзі тірісінде Жәнібекті ақтап ала алмадық» деп етегі жасқа толады.

Осы жағдайдан соң Қызғалдақ Ебіренова жолдасына ешқандай көмек бермеген абақты басшыларының үстінен арыз жазған.

Ал тергеу изоляторының басшылары Жәнібек Еркебаев ауырған сәтте тиісті ем-шараларын жасауға дәрігер шақырылды деп отыр.

«Денсаулығы нашарлап, мекеме әкімшілігінің бастамасымен дереу жедел жәрдем бригадасын шақырылған. Жедел өкпе-жүрек реанимациялық алғашқы көмек көрсетілген. Алайда дәрігерлер қабылдаған шараларға қарамастан, науқасты құтқару мүмкін болмады», – деп мәлімдеді тергеу абақтысының қызметкерлері.

Экспресс К

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!