Қоршаған ортаның негізгі бөлігіне айналған жануарлар әлемі – табиғаттың тартуы. Құпияға толы ерекше жаратылыс иелерінің жеке мерекелері бар екенін білесіз бе? Ендеше жан-жануарларға арналған арнайы даталар тізбегін ұсынамыз.

World Turtle Day

Құрмет пен қызығушылыққа ие, даналықтың белгісіне айналған тасбақалар − ұзақ жасайтын жануар. 2000 жылдан бастап дүниежүзілік тасбақа күні атап өтіледі. Америкадағы тасбақаларды қорғау комитеті бастамасымен 23 мамыр арнайы даталар тізіміне енген. Мерекенің басты мақсаты – адамдардың әсерінен тасбақаларға тиетін зардапты азайту, әлем назарын осы мәселеге аудару. Шетелде бұл күні акция мен ойындар ұйымдастырылады. Мереке күні халық сауыттан жасалған тарақ, қорап секілді бұйымдарды қолданбайды. Сондай-ақ жануарлардың позитивті суреттері бар ашықхаттар таратылады. Тасбақа – ұзақ өмірдің символы болса да жойылып кету қаупі бар бауырымен жорғалаушы жануар. Қызықты деректермен бөліссек:

• Ең үлкенінің салмағы 600 келіге дейін барады;
• Олар оттегісіз 10 сағатқа дейін өмір сүре алады;
• Есту, иіс сезу секілді қабілеттері әлсіз;
• Салқын ауа райында ұйқыға кетеді;
• Қазақстанда тасбақаның 2 түрі мекендейді. Ал әлемде 300-ден аса түрі кездеседі.

Мысықтар фестивалі

Мамыр айының 9-шы жұлдызы Бельгиядағы ипралықтар үшін қызықты күн. Себебі орта ғасырдан
бері мысықтар фестивалі ұйымдастырылады. Бүгінде мәні мен маңызы ұмытылуға жақын қалған мереке о баста адамдардың көңіл көтеруіне себепші болған.

Ал 22 ақпан – халықаралық мысықтар күні деп есептеледі. Атаулы дата Жапонияда ерекше тойланады. Мысық жапондықтардың ойынша «ни-ни» деп мияулайды екен де, олардың тілі бойынша «екі-екі» деген сөзге ұқсас болған. Сондықтан да осы күн таңдалған. Токиода мысықтарды жерлейтін арнайы орталық та бар. Онда адамдар өлген мысығының суретін іледі.

Дүниежүзілік тотықұс күні

Махаббат символы саналатын Францияда 31 мамырда тотықұс күні тойланады. Мереке барысында садақ ату сайысы өтеді. Садақтың жебесін 45 метр биіктіктегі тотықұсқа тигізген қатысушы мерекенің королі атанып, жеңімпаздарға түрлі марапат табысталады. Бұл мереке дүниежүзілік тотықұстарды қорғау ұйымының бастамасымен тойлануда.

Әлия ТӘЖІБАЙ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!