Әр ұлттың өзіне тән ерекшелігі бар. Оны музыка мәдениетінен, қолөнерінен, асханасынан, тіпті ұлттық киімінен байқаймыз. Мәселен, бүкіл әлемдегі еврей ұлтының өкілін өздеріне тән бас киімнен тануға болады. Ұлттық ерекшеліктер турасында «Lev ami» облыстық еврей этномәдени бірлестігінің жетекшісі Вера Ивановамен пікірлесудің сәті түсті.
Вера Владимировнаның айтуынша, ол «кипа» аталады. Бұл – дәстүрлі еврей бас киімі. Еврей дәстүріндегі кипа қарапайымдылықты білдіреді және шляпаның астына киіледі. Бұл дәстүр бас киімдер ғибадаттың міндетті атрибуты болған кезеңдерде қалыптасқан. Көптеген басқа этностар секілді еврейлер үшін де ақ түс қасиетті. Бұдан бөлек, аптаның басы еврейлер үшін жексенбіде басталады. Жұмада ізгі іске үлес қосып, қайырымдылық жасау маңызды. Сенбіде мерекелік дастархан жайылады, демалыс күнді өзіңізге арнау арқылы жаңа аптаға жаңа қарқынмен қадам басасыз. Ал Жаңа жыл еврейлер үшін қыркүйекте басталады.
– «Рош-а-Шана» еврей дәстүрі бойынша қыркүйекте атап өтіледі. Ол екі күн тойланады. Егін жинауға, демалуға және бір жыл ішіндегі істерге есеп беріп, қорытынды шығаруға таптырмас уақыт. Оған қоса тағам жасауда тыйымдар бар. Ол «кошерный» деп аталады. Қарапайым тілмен айтқанда, жеке дайындалатын арнайы тағамдар. Ет тағамдарын дайындаудың әдісі бар. Бұдан бөлек, еврейлер атақты жазушылардың көп болуы олардың жас кезінде ойлау қабілетін дамытатын ертегілер мен мифтерді көп естіп өсуіне байланысты деп есептейді. Сондықтан ұйықтар алдында балаға көбірек ертегі айтуға, осылайша оның білімді болып өсуіне ықпал етуге тырысамыз. «Қарыз беруден бас тарсаң да, кітап сыйлаудан бас тартпа!». Бұл – басты қағида, – дейді Вера Иванова.
Шынында, дүниежүзінің тарихын өзгертуге атсалысқан төрт адамда ортақ бір нәрсе бар. Атақты Альберт Эйнштейн, Карл Маркс, адам санасын зерттеу арқылы психологияның жаңа теориясын жасаған Зигмуд Фрейд және физиканың атасы Исаак Ньютонның ұлты – еврей. Олар қазіргі ғылымның, психологияның және әлеуметтанудың негізін қалады және еврейлердің жетістігі тек осы адамдармен шектелген жоқ. Нобель сыйлығы иегерлерінің 30 проценті де еврейлер екен. Мәліметтерге сүйенсек, қазір еврейлер әлем халқының 0,025 процентін құрайды. Елімізде олардың жалпы саны жеті мыңнан қырық бес мыңға дейін жетті. Қазақстан территориясына 1867 жылдан бастап қоныстана бастаған еврей ұлты бүгінде бір шаңырақ астында тату тірлік кешуде. «Lev ami» облыстық еврей этномәдени бірлестігінің құрылғанына да 15 жылдан асқан. Бірлестіктің негізін қалаушы – Людмила Ли.
– Он бес жыл аз уақыт емес. Бұл уақыт аралығында еліміздің тұтас жаңа буыны қалыптасты. Осы орайда айта кету керек, қиын-қыстау заманда қазақ халқы қаншама ұлт пен ұлысқа пана бола білді. Бәрімізге бірдей теңдік берді. Ұлт пен ұлысқа бөлмеді. Қазақстан – ортақ үйіміз. Біз осындай дархан көңілді қазақ халқымен жасасып келе жатқанымызға мақтанамыз. Жеткен жетістіктеріміз – ел болып жұмылған ынтымағымыздың арқасы, – дейді бірлестік жетекшісі.
Бүгінде еврей этномәдени бірлестігінің мүшелері қоғамдық өмірде белсенді. Ағаш отырғызу акцияларынан, спорттық шаралардан қалыс қалмайды. Қайырымдылық істерде де үлесі айтарлықтай және алдағы уақытта да олар осы қарқыннан таймақ емес.
А.СНАДИН
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!