Күнделікті қоғамдық көлікпен жүруге тура келеді. Содан байқағаным, адамдардың бір-біріне деген ілтипаты, ықыласы, қарым-қатынасы, яғни мәдени деңгейі төмендеген секілді. Дөрекі сөйлеу, ашушаңдық, қаталдық, мейрімсіздік байқалады. Себебін анықтау мақсатында сауалнама дайындап, бір топ студентке сұхбат жүргізуді ұсындым. Зерттеу бойынша анықталғандай, ашушаң адамдардың қатарында көп жұмыс ауыстыратындар, халықпен етене байланыс жасайтын сала қызметкерлері бар. Демек, ұжым қызметкерлері жұмыста күйзеліске бейім…

Күйзеліс ауру емес, сондықтан оның медициналық белгілері жоқ. Бірақ өзіне тән белгілері бар. Бұл орайда АҚШ-тың Беркли университетінің психология профессоры Кристина Маслактың теориялық негізіне сүйенеміз. Ол 1980 жылдың басынан адам бойындағы күйзелісті зерттеген. Маслак күйзеліс үш компоненттен тұрады деп санайды: эмоционалды сарқылу, оның нәтижелерінің құнсыздануы және оқшаулану.

Алдымен «эмоционалды сарқылу» сатысынан бастайық. Бұл – толық шаршау деңгейіне жететін сезім. Сіз өзіңізді үнемі шаршап тұрғандай сезінесіз. Мұндай көңіл-күй таңертең оянғанда да байқалуы мүмкін. Тіпті жұмысқа келдік,  компьютерді қосып, кофе іштік. Бірақ күш жоқ. Кейде байқау қиын, өйткені шаршау сезімі біртіндеп жиналады –  екі аптадан бірнеше айға дейін. Одан кейін жұмыс нәтижесінің құнсыздануы байқалады. Жұмысыңызды жақсы орындау мүмкін емес сияқты, тапсырмалар мен талаптар тым күрделі көрінуі ықтимал. Бұл көбінесе басшылық пен басқалар біздің жетістіктерімізді байқамаған кезде болады. Өз-өзін бағалау төмендейді, импостер синдромы пайда болады. Сіз қажетті деңгейге жетпейтіндігіңізді сезінесіз, ал айналаңыздағы адамдар оны асыра бағалайды.

Келесі кезең – «оқшаулану». Бұл  атқаратын міндеттерге және қызметтес адамдарға деген көзқарасымызды өзгертетінімізді білдіреді. Цинизм, агрессия көрініс береді. Бұл сатыда адамдар мылқау, әріптестер ашушаң, ал бастық өте әділетсіз және тым талапшыл көрінуі мүмкін. Нәтижесінде сіз нашар жұмыс істейсіз. Әйтсе де оқшаулану кезінде адам мәні мен мағынасын жоғалтқан жұмысты әртүрлі себеппен жалғастыра береді. Бұл – ағзаның эмоционалды сарқылуына және оның психологиялық қорғанысына жауап. Сондықтан егер сізге поштада немесе емханада дөрекілік көрсетсе,  онда бұл қызметкерлердің эмоционалды жағдайын сақтап қалу әрекеті болуы мүмкін. Оған сіздің еш қатысыңыз жоқ. Бұған жұмыс орнындағы шамадан тыс жүктемеден бөлек бірнеше себеп әсер етуі мүмкін. Мысалы, әкімшілік тарапынан қысым немесе улы орта ең басты түрткі болуы мүмкін. Екіжүзділік, жаман қарым-қатынас, әділетсіз саясат, артық әңгіме мен бәсекелестік ұжым ішіндегі атмосфераны нашарлата түседі. Сондай-ақ адамның жұмыс орнында белгілі бір рөлінің болмауы да әсер етпей қоймайды. Қызметкерлер лауазымдық талапты анық түсінуі керек. Тиісті нұсқаулықсыз жұмыс процесін құру қиын әрі шатасуға әкелуі мүмкін. Бұл жұмыс жылдамдығын төмендетіп, күйзеліске әкелуі ғажап емес.

Одан қалды қысқа мерзім мен жоғары жүктеме де мезі ететіні шындық. Егер сіз жақсы мақсатта әрекет етсеңіз, жұмыс өнімділігін арттырғыңыз келсе де, оны жүзеге асыра алмауыңыз ықтимал. Себебі жоғары жүктеме мен мерзім қысымы жоғары стресс деңгейіне әкелетіні анық. Бұл да қызметкердің жүйке жүйесіне теріс әсер етіп, эмоционалды күйзеліске итермелейді.

Себебі мен салдарын атап өттік. Енді күйзеліспен күрестің түрі қандай, қалай күресу керек? Жұмыста күйзеліске ұшырамаудың бірнеше жолы бар. Психикаға қолайлы жағдай жасау, шаршағанды басу мен уайымды азайту жеткілікті. Егер сіз бойыңыздан эмоционалдық күйзелістің белгілерін байқасаңыз, кесте құрып, жұмыс жүктемесін азайтыңыз. Жеткілікті мөлшерде ұйықтап, жұмыстан басқа сізді қуантатын, шабыттандыратын іспен айналысуға тырысыңыз. Бастысы, эмоционалды күйзелістен арылу жолы емес, оны болдырмау амалын іздестірген абзал.

Психологтар жұмыста қызметкердің стресте болуы жиі кездесетін құбылыс деген пікірде. Себебі басшының тапсырма беруі қызметкердің физикалық және интеллектуалды қабілетіне әсер етеді. Тіпті мамандықты қате таңдау да күйзелістің бастауы болуы ықтимал. Нәтижесінде жұмысқа көңілі толмау әрі қызығушылық төмендеуі салдарынан созылмалы стресс пайда болады.

Гүлнара ЖАҚСЫЛЫҚОВА,

педагогикалық шеберлік орталығының тренері

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!