Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзекті мәселелердің бірі – мектеп асханаларының жұмысы екенін айтып, бірнеше проблеманы көтерді, – деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Министр мектеп асханасындағы қымбатшылық туралы айтты.
«Мектеп асханасында 0,5 литр су 300 теңгеден немесе бәліштер мен тоқаштардың дүкендердегі бағадан жоғары бағада сатылатыны сұрақ туындатады. Бір қалада бірдей өнім бағасында 50-70 пайызға дейін айырмашылық болуы мүмкін», – деді ол.
Сондай-ақ, ол қолма-қол ақшасыз төлем жүйесі балаларды қауіптен сақтайтынын жеткізді.
«Осыған дейін асханаларда қолма-қол ақшасыз төлем жүйесін енгізу талабын бекіттік. Мұның бірнеше артықшылығы бар. Бұл гигиенаның сақталуына әрі кезектің тез жылжуына көмектеседі. Сондай-ақ, балаларда қолма-қол ақшаның болмауы оларды қауіптерден сақтайды. Ата-аналарға да шығындарды бақылау оңайырақ болады. Бірақ көбінесе қолма-қол ақшасыз төлем жүйелері өшіріліп, пайдаланылмайды», – деді БҒМ министрі.
Асхат Аймағамбетов асханалардың жеке кәсіпкерлерге беріліп жүргеніне қатысты да пікір білдірді.
«Кейбір өңірлер асханаларды МЖӘ (Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік) арқылы жеке кәсіпкерлерге беріп жүр. Біз МЖӘ-нің дамуын қолдаймыз. Бірақ кейде бұл конкурсты өткізбеу үшін және асхананы кәсіпкерге тікелей (10-15 жылға) беру үшін жасалады.
Біріншіден, біз конкурссыз жеке қаржылық бастама (ЖҚБ) бойынша емес, конкурс өткізілу керек деп санаймыз. Екіншіден, салым сомасы аз мөлшерде, мысалы, 5-7 миллион теңге емес, тиісті көлемде болуы маңызды. Көрсетілетін қызметтердің сапасын есте сақтап, бұл қаражаттар тоңазытқыштар, плиталар, үстелдер мен орындықтарды сатып алуға жұмсалатынын түсіну маңызды. Яғни, сайып келгенде, кәсіпкер өз жұмысына қаражат салады. Үшіншіден, біз жұмыстың ақылға қонымды мерзімдерін белгілегенді қолдаймыз. Асхананы 15-20 жылға келісімшарт жасауы сұрақ туғызады», – деді ведомство басшысы.
Оның айтуынша, кейбір мектепте тыйым салынған тағамдар сатылады. Бұл Түркістан облысында байқалған.
«Мектеп асханаларында Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен тыйым салынған өнімдер сатылады (мысалы, фастфуд, газдалған сусындар, чипсы және т.б.). Министрліктің қызметкерлері бірнеше облысқа барып, бірқатар мектепте осындай деректерді анықтады. Әсіресе, Түркістан облысында. Мұндай деректер анықталған жағдайда дереу СЭС органдарына хабарласу қажет», – деді министр.
Сонымен қатар, БҒМ басшысы осы мәселелерді шешу мақсатында арнайы нормалар бекітілгенін атап өтті.
«Министрлікте осы проблемаларды нормативтік деңгейде шешу үшін жұмыс тобы құрылды. Біз заңнамаға бірқатар толықтыру енгізуге бастама жасадық, олардың шеңберінде арнайы нормалар бекітіледі. Бұл нормалар – асханалардағы буфет өнімдерінің бағасын реттеу, ашық конкурстар және ақылға қонымды кезеңге МЖӘ арқылы асханаларды беру, қолма-қол ақшасыз төлемді және тамақтанудың тиісті сапасын қамтамасыз ету. Біз кәсіпкерлердің мүдделерімен де санасу керегін түсінеміз, бірақ біз үшін балалар әрқашан бірінші орында. Демек, бұл олардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды білдіреді. Министрлік осы бағыттар бойынша жұмысты жалғастырады», – Асхат Аймағамбетов.
Министр бәрін бақылауда ұстау маңызды екенін айтты.
«Өңірлерге жиі шығып, ауыл мектептерін де, қала мектептерін де аралау мен үшін маңызды. Мұғалімдермен, оқушылармен және ата-аналармен кездесулер министрлік қабылдаған шешімдердің іс жүзінде қалай жүзеге асырылып жатқанын көрсетеді.
Министрліктің мектептер, колледждер және балабақшаларды басқару бөлігінде құзыреті жоқ екені құпия емес. Оларды қаржыландыру, жұмысын ұйымдастыру және оны жүзеге асыру, басшыларды тағайындау және босату сияқты жұмыстың барлығы заңмен әкімдіктерге бекітілген. Сондықтан бақылауда ұстап отырудың маңыздылығы жоғары», – деп түйіндеді ол.
Еске салайық, бұған Желіде Ақсудағы 1-сынып оқушысының тегін түскі асының суреті талқыланған болатын. Қазнет қолданушыларын оқушы ыдысындағы бір қасық мөлшеріндегі қызылша салаты таңғалдырды. Ақсу білім беру бөлімінің қызметкері мәселе үлкен ыдыста екенін айтып, мектеп асханасын жалға алушыларға салатқа арналған ыдыстар сатып алуды ұсынған еді.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!