Биыл жаңа оқу жылынан бастап еліміздің мектептері толықтай күзет құралдарымен жабдықталады. Бұл туралы Үкіметте Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы Ғани Бейсембаев айтты деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Премьер-министр білім мекемелеріндегі қауіпсіздікті күшейту туралы тапсырма берді. Сол үшін елдегі барлық мектептің қауіпсіздігін тексердік. Қазіргі уақытта тексеріс аяқталды. Ол жұмысқа 162 мониторинг тобы қатысып, 800-ден астам адам тартылды. Оның қатарында ішкі істер министрлігі, төтенше жағдайлар министрлігі, білім басқармасы мен біздің министрліктің мамандары болды», – деді Ғани Бейсембаев Үкімет отырысынан кейін журналистердің сұрағына жауап бере отырып.
Министрлік өкілінің сөзінше, мектеп камералары мен дабыл түймелерін шұғыл басқару орталығына тікелей қосу бойынша проблема бар.
“Тағы бір мәселе қауіпсіздікті сапалы түрде қамтамасыз ету. Бүгінде аталған жұмысқа қажетті соманы бөлу бойынша кеңес өткізілді. 1 қыркүйекте бүкіл мектеп 100% күзет құралдарымен жабдықталады», – деді Ғани Бейсембаев.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!