Жыл басынан бері Қазақстанда 322 балабақша меңгерушісі, 229 мектеп директоры ротацияланған. Бұл туралы Мектепке дейінгі және орта білім комитеті төрағасының орынбасары Жомарт Қарамбаев аппарат жиналысында айтты деп хабарлады turkystan.kz.
«Балабақшаларда 3019 меңгеруші жұмыс істейді. Оның ішінде 7 жылдан астам еңбек өтілі бар 639 адам, мемлекеттік мектептерде 6299 директор бар, оның ішінде 7 жыл еңбек өтілі бар 1246 адам бар. Өңірлердегі ақпарат бойынша 2022 жылдың өткен кезеңінде 322 балабақша меңгерушісі ротациаланды. Бұл ротацияға жататын меңгерушілердің 500 пайызын құрайды», – деді Қарамбаев.
Оның айтуынша, 1 тамызға дейін 317 балақбаша меңгерушісін ротациялау жоспарланып отыр.
«2022 жылдың өткен кезеңінде 1246 мектеп директорынан 229-ы ротацияланды. Бұл ротацияға жататын мектеп директорларының 24 пайызын құрайды. 1 тамызға дейін 383 мектеп директорын ротациялау жоспарланып отыр. СҚО мен Павлодар облыстарында басшыларды ротациялау қарқыны байқалып отыр. Маусым айының соңына дейін бірде-бір басшы ротацияланбаған еді. Бүгінгі таңда Павлодар облысында 55, СҚО-да 20 басшы ротацияланды», – деді ол.
Еске салсақ, Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов жыл басында биыл мыңнан аса директор ротацияланатынын мәлімдеген еді.
Ротацияның ережелері:
Біріншіден, бір білім беру ұйымында 4 немесе 7 жылдан астам жұмыс істеген басшылар ротацияланады.
Бұл ретте, осы білім беру ұйымында лауазымға тағайындалған күннен бастап 4 жыл жұмыс атқарған бірінші басшы ротациядан өтініші негізінде босатылып, тиісінше қолданыстағы еңбек шарты шеңберінде өз жұмысын жалғастыра алады.
Алайда егер басшы аталған ұйымда 7 жылдан астам уақыт жұмыс істесе, онда ол міндетті түрде ротацияланады. Осылайша, бір білім беру ұйымына жетекшілік ету мерзімі 7 жылдан аспауы тиіс.
Екіншіден, ротациялаудың төмендегідей шарттары бар:
– ротациялауды облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың Білім басқармалары жүзеге асырады;
– ротация бір елді мекен аумағында жүргізіледі;
– ротациялауды бір деңгейдегі ұйым басшылары арасында жүргізеді.
– ротациялау кезінде бірінші басшылардың біліктілік санаты, яғни аталған санат үшін төленетін қосымша ақы да мерзімі аяқталғанға дейін сақталады.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!