Ақтөбе облысындағы Қаратоғай ауылында аудандық білім бөлімі басшысының мұғалім болып жұмыс істейтін әйелі 5-сыныптың оқушысын ұрған. Дауға әлі нүкте қойылған жоқ. Педагог пен шәкірт енді сотта кездеседі, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан порталына сілтеме жасап.
Айта кетсек, 3 сәуір күні Қаратоғай ауылының 10 жастағы оқушысы Нұрсаят Мұратов 10-сынып оқушысына ватсап арқылы дөрекі сөздер жазған. Зәбір көрді деген 10-сынып оқушысының анасы педагог Гүлзат Сүлейменова 10 жастағы оқушысын тәрбиелемек болған. Алайда іс насырға шапқан. Өйткені білім бөлімі басшысының әйелі, әрі мұғалім Гүлзат Сүлейменова полицияға оқушысының үстінен шағым түсірген. Мұндай әрекетке шыдамаған оқушының әкесі Дәуірбай Мырзағары да полицияға қарсы шағым жазған.
5-сынып оқушысы Нұрсаят Мұратов пен мұғалім Гүлзат Сүлейменова арасындағы дау енді сотта қаралады.
«Бұл кісілердің мәселесі сотқа жіберіледі. Екі тарап та бір-біріне арыз жазған. Сотта қандай шешім шығарылады, ол жағы бізге беймәлім. 5-сынып оқушысының әкесі Дәуірбай Мырзағарының арызы бойынша сот-медициналық сараптама жасалған, сол сараптама негізінде іс сотта қаралады», – дейді Шалқар ауданы ПБ бастығының бірінші орынбасары Айбек Борашев.
Айналдырған 100 шақты отбасы тұратын Қаратал ауылында түймедей шу түйедей дауға айналды. Дәуірбек Мырзағары баласын жетектеп, Ақтөбе облысындағы құзырлы мекемелерге дейін барып қайтты.
«Барлық мәселені соттан кейін шешеміз. Тиісті органдар анықтағаннан кейін мұғалім мен тәрбие ісі меңгерушісіне қандай шара қолданатынымыз белгілі болады. Оқушының ата-анасы облыс әкімі орынбасарының қабылдауында болды. Жалпы біз мектепте тәрбие ісі жөніндегі зерделеу жұмыстарын жүргіздік. Біздің тарапымыздан барлық жұмыс жүргізіліп жатыр. Болған мәселенің барлығын біліп отырмыз. Бірақ таяқтың екі ұшы бар, қайсысы ақ, қайсысы қара екенін білмейміз. Осы дау шыққан кезде арнайы комиссия құрылып, Қаратоғай ауылындағы мектепке бардық. Ол жерде мұғалімдер баланы ұрмадық дейді. Ал мұғалімдерге қарсы шағым түсірген ата-ана ол комиссия барғанда келмеді», – дейді Ақтөбе облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бердібаева.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!