СҚО-да Аққайың ауданындағы Рублевка орта мектебі жаңа оқу жылына дайын емес. Мұнда құрылыс жұмыстары әлі аяқталмай жатыр. Оқу ордасының есік-терезелері орнатылмаған, ал жиһаздар далада жаңбыр астында тұр, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі.
Stan.kz
Рублевка орта мектебінде жөндеу жұмыстары биыл маусым айында басталды. Оған «Ауыл-ел бесігі» бағдарламасы аясында 120 млн теңгеден астам қаржы бөлінген. Шаруа тамыз айында аяқталып, оқушылар жаңа оқу жылын жаңартылған мектепте қарсы алуы тиіс еді. Алайда мұндағы жұмыстардың әлі аяқталар түрі жоқ. Кабинеттердің есік-терезелері орнатылмаған, ал кейбірінің едені жоқ. Ең сорақысы сол, балалар отыруы тиіс парта мен орындықтар далада жаңбыр астында тұр.
Ертең оқушылар үшін алғашқы қоңырау соғылып, балалар жазғы демалыстан соң алтын ұя мектебімен қауышуы тиіс. Алайда мұнда олар үшін жағдай жасалмаған. Оқу ордасының асханасы, спорт залы және дәретханасы дайын емес. Бірақ мұның бәрі жергілікті атқамінерлерді алаңдатпайтын сияқты.
Stan.kz
«Бұрындары даладағы дәретханаға барып жүрдік қой. Шамалы уақыт ыңғайсыздық болады, әрине. Ал спорт зал жөнделгенше, дене шынықтыру сабақтары далада өткізіледі. Бізге құрылыс материалдары 10 күн кешігіп келді. Сондықтан жөндеу шаралары уақытылы аяқталмай, шегеріліп отыр», – деді Аралағаш ауылдық округінің әкімі Қайрат Бабақов.
Шенеунік ең бастысы балалар қашықтан оқымай мектепте білім алады деп ақталды. Ал шаң мен сырдың иісі зиянды, онымен қала берді құрылыс жұмыстарының шуы мен дірілі оқушыларға тыныштық бермейтіні ешкімді мазалаймады.
«Қыркүйектің 4-іне дейін оқу ордасының екінші қабатын дайындап қоямыз. Балалар сол жерде білім алады. Ал бірінші қабатта жұмыстар жалғасады. Осы 3-4 күнде шаруаны аяқтау үшін қазір іске барлығы жұмылдырылған», – деді Рублевка орта мектебінің директоры Александр Махиня.
Stan.kz
Яғни бүгіндері шаруаға әкімдік қызметкерлері мен мектеп мұғалімдері тартылған. Жалпы, оқу орны өткен ғасырдың 70-ші жылдары салынған. Содан бері мұнда күрделі жөндеу жүргізілмеген. Биыл мұнда 81 бала білім алады. Оның 6-ы мектеп табалдырығын алғаш аттамақ.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!