Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің 18 студенті ҚР Президентінің стипендиясына ие болды. Стипендия биылғы қыркүйек айынан бастап оқу үлгерімі «өте жақсы» және университеттің қоғамдық жұмыстарында белсенділігімен ерекшеленген білім алушыларға тағайындалды. Олардың ішінде Елбасы стипендиясы мәртебесін иеленген студент те бар. Бұл студенттер қазір 81 000 – 171 000 теңге көлемінде стипендия алады.

Білімді әрі белсенді жастарға қашанда жүйелі қолдау бар. Президенттік стипендия иегерлерінің бірі – азық-түлік өнімдерінің технологиясы мамандығының ІVкурс студенті Айжан Дастанбек.

– Оқу орнына алғаш қабылданғанда стипендия иегерлерімен танысудың сәті түсті. Сол кезде «мен де осындай үздік студент боламын» деген мақсат пайда болды. Бірақ Президенттік стипендия ІІІ курстан бастап тағайындалады. Ол үшін екі курс бойы барлық пән бойынша «өте жақсы» оқу қажет. Президенттік стипендия ең алдымен білім алушының оқу үлгеріміне және қоғамдық жұмыстардағы белсенділігіне қарай тағайындалады. Өзім халықаралық, республикалық олимпиада, конференциялар мен ғылыми жоба конкурстарының жүлдегерімін. Қазір 81 мың теңгеден астам шәкіртақы аламын, – деді Айжан Дастанбекқызы.

Президенттік стипендияны екінші оқу жылында да иеленген білім алушылардың қатарында жерге орналастыру мамандығының ІV курс студенті Нұрсұлу Сүйіндік бар.

– Білім алушылар үшін бұл үлкен мүмкіндік деп ойлаймын. Бізге Президенттік стипендияға үміткерлерден құжат қабылдау басталғанын Инженерлі-технологиялық институтының директоры Гүлзат Асқарова хабарлады. Тамыз айында іріктеу жұмыстары жүргізілді. Биыл да стипендия иегері атанғаныма қуаныштымын. Кейбір студенттер сабақ уақытынан тыс жұмыс істеп, қосымша қаражат табуға тырысады. Меніңше сабақты үздік оқып та, жоғары шәкіртақыны иеленуге мүмкіндік мол, – деді студент.

Айта кету керек, стипендия күндізгі оқу нысаны бойынша оқитын студенттерге ІІІ курстан бастап мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша және ақылы негізде тек «өте жақсы» (А, А-) оқитын студенттерге беріледі.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!