Оқу-ағарту министрлігінің Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті білім беру ұйымдарына мониторинг жасап, 40 мектептің лицензиясыз жұмыс істегенін анықтады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Министрліктің баспасөз қызметінің мәліметінше, оның ішінде 30 мемлекеттік және 10 жекеменшік мектеп бар. 

Лицензиясыз жұмыс істеген мектептердің дені Астана, Алматы қалалары мен Батыс Қазақстан, Алматы, Жамбыл, Жетісу және Маңғыстау облыстарында орналасқан. 32 мектепке қатысты әкімшілік іс қозғалып, лицензиясыз қызмет үшін айыппұл салынды. Оның 23-і – мемлекеттік, 9-ы – жекеменшік мектеп. Сонымен қатар:

  • 10-нан аса мектепте санитарлық-эпидемиологиялық қорытынды және төтенше жағдай актілері жоқ. Бұл балалардың денсаулығы мен жайлылығына қауіп тудыруы мүмкін;
  • 14 мектепте материалдық-техникалық база білім берудің заманауи талаптарына сай келмейді, білім беру инфрақұрылымы, білікті педагогикалық кадрлармен толық жабдықталмаған, ұйымдастыру жұмыстары да дұрыс жолға қойылмаған.

«Бұл білім беру сапасын кері әсерін тигізеді», – деді комитеттің рұқсат беру саясаты басқармасының басшысы Жұлдыз Әуезханова.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!