Солтүстік Қазақстан облысындағы кей мектептер талапқа сай келмейді. ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен өткен мониторинг барысында өңірдің білім саласында бірқатар олқылық анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

СҚО өңірлік коммуникациялар қызметінде «СҚО білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы туралы» брифинг өтті.

«ҚР Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің СҚО білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті» ММ басшысы Алена Мальгаева мониторинг қорытындысын жариялады.

«Оқу-ағарту министрлігі жаңа оқу жылына дайындық бойынша 10-24 шілде аралығында өңірдің жалпы білім беретін мектептеріне кезекті мониторинг жүргізді. Оның барысында білім беру ұйымдарындағы интернет желісінің жылдамдығына, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмысарының өткізілуіне, қауіпсіздік шараларына, соның ішінде бейнебақылау жүйесінің, лицензияланған күзет, турникет, дабыл түймесінің болуын, жылы санитарлық тораптардың, спорт залдарының, асханалардың, пәндік – химия, физика, биология кабинеттерінің болуын назарға алды», – дейді Алена Мальгаева.

Департамент басшысының айтуынша, білім беру ұйымдарында қауіпсіздік мәселесі жақсы шешімін тапқан. Оқушы саны көп мектептердің барлығы, ал бұл 64% – жедел басқару орталығына қосылған. Облыстың барлық мектептерінде жылы санитарлық торап бар, оқулықпен де толық қамтылған.

«Мектептер интернетпен 100% қамтамасыз етілгеніне қарамастан, 95 мектепте оның жылдамдығы іс жүзінде 4 мбит/сек аспайды, 156 мектепте 4-тен 10 мбит/сек-ке дейінгі жылдамдық бар, тек 40% – ы ғана 10 Мбит/сек жылдамдықты интернетпен жабдықталған.

Облыстың 73 мектебінде жұмыс істемейтін интерактивті тақталардың үлесі 50% – дан асады. Мектептердің 41% физика, мектептердің 53% химия және биология кабинеттері жоқ», – дейді Алена Мальгаева.

Маманның айтуынша, облыстың 5 орта және 17 негізгі мектебінде спорт зал жоқ.

«Биылдан бастап бастауыш сынып оқушылары тегін ыстық тамақпен қамтылуы керек. Соған қарамастан, Петропавлдың 4 толық жинақталған мектебінде және аудандардың бірқатар бастауыш мектептерінде асхана жоқ», – деді департамент басшысы.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!