Таяуда ғана бекітілген Білім беруді дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында салаға бірқатар өзгеріс енгелі тұр. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында талқыланған тұжырымдама халықаралық зерттеулер мен талдаулардың сүзгісінен өткен.

Балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізіледі

Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов ең алдымен балаларды ерте дамыту мәселесіне назар аударды. Осы уақытқа дейін балалар 20 минуттан сабақ оқыса, енді жас ерекшеліктеріне сәйкес сабақ барысы ойын арқылы жүргізіледі. Сондай-ақ 2-ден 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету үшін жаңа балабақшалар ашылып, мемлекеттік тапсырысты жекеменшік балабақшаларға орналастыру жұмыстары жүргізіледі.

«Білім саласының ең маңызды деңгейі – балабақша. Зерттеулерге сәйкес, баланың интеллектуалды, әлеуметтік, эмоциялық, физиологиялық дамуына ба-лабақшалардың әсері орасан зор. Сол себепті балаларды ерте дамытудың жаңа моделі енгізілуде. Бағдарлама да, оқыту әдістері де түбегейлі өзгеруде. Бұл тәуелсіздік жылдарынан бастағанда мектепке дейінгі білім жүйесіндегі ең үлкен өзгерістің бірі», − деді министр.

Осы орайда тағы бір қуантарлық жайт, Президент тапсырмасына сәйкес тәрбиешілердің жүктемесі азайып, жалақысы көбейеді. Тәрбиешілер үшін де біліктілігін арттыру және аттестаттау жұмыстары ұйымдастырылады.

Айта кетейік, қазір балабақшаларға кезекке қою цифрлық форматқа көшірілген. Аталған әдіс кезектің қайталануына жол бермеу мақсатында қолданысқа енгізілген.

Аттестат пен диплом QR-кодпен беріледі

Цифрлық жүйені білім саласына толықтай енгізу министр назарынан тыс қалмады. Енді әр педагогтің цифрлық портфолиосы дайындалып, онда мұғалімнің аттестациясы, жұмысқа қабылдау рәсімі, конкурстарға қатысуы туралы мәліметтер жинақталады. Мұғалімдердің кәсіби құзыреттін арттыруға арналған талап та өзгеше болмақ. Өткен жылдан бастап педагогикалық жұмысқа тұру үшін сертификаттау енгізілгені белгілі. Сондықтан жұмысқа тұру үшін дипломмен бірге міндетті түрде өз пәні және әдістеме бойынша тестілеуден өту міндеттелді. Келер жылдан бастап біліктілікті арттыру курстарынан өту, үш жылда бір рет өткізілмек. Министрдің айтуынша,  білікті кадрларды даярлау және біліктілігін арттыру үшін «Педагог» жаңа кәсіби стандарты енгізіледі.

 Мектептердегі оқулықтарды таңдау және мониторингтеу де цифрлық бағытқа ауыстырылады.

«Аттестаттар мен дипломдар QR-кодпен цифрлық форматта беріледі, әр оқушының да цифрлық профилі енгізіледі. Ең қажетті қызметтер толығымен Egov пен ірі банктердің мобильді қосымшаларында қолжетімді болады. Колледждерде білім беру бағдарламаларының бірыңғай электрондық тізілімі жасалады, сондай-ақ студенттің профилі (академиялық жетістіктері, әлеуметтік GPA, құзыреттер картасы) қалыптастырылады және QR-кодты генерациялай отырып, цифрлық дипломдар беріледі» − деді А.Аймағамбетов.

Енді ерекше балаларды қолдау мәселесіне де жіті мән беріледі. Заңнамаға сәйкес елімізде тағы 33 ПМПК және 23 түзету кабинеті ашылатын болды.

Сондай-ақ бүгінде сала бойынша арнайы жұмыс тобы құрылып, жаңа мемлекеттік стандарттар мен оқу бағдарламалары әзірленуде. Алдағы уақытта мектептерге кезең-кезеңімен академиялық автономия беріледі.

«Толық адам» моделі іске қосылады

Балаға білім берумен қатар ұлттық тәрбиенің үлгісін көрсету маңызды. Енді оқушылардың бойында білімге құштарлық, еңбекқорлық, отансүйгіштік, ұлттық мұраны қастерлеу сынды ізгіліктерді қалыптастыру үшін «Толық адам» ұлттық тәрбие моделі іске асырылатын болды.

Әрі келесі оқу жылынан бастап 5-8 және 10 сынып оқушылары қазақ тілінен емтихан тапсырады. Бұған дейін қазақ тілінен емтиханды тек 9 және 11-сынып оқушылары ғана тапсыратын. Қазақ тілінен емтихан жазбаша және ауызша түрде өтеді. Тыңдау, айту, оқу және жазу сияқты дағдылар бағаланады. Емтихан тапсырмаларын оқытушылар академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып өздері құрастырады.Пән бойынша қорытынды баға 5-8, 10-сыныптарда емтихан және жылдық бағалау қорытындылары бойынша қойылады.

Сондай-ақ Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбектің айтуынша, «Жаңа мамандықтар атласы» қолданысқа дайын. Енді өңірлік стандарттар әзірленеді және бұл бастама «Мамандығым – болашағым» жобасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

2026 жылға қарай студенттердің шәкіртақысы да өзгереді. Алдағы уақытта бакалавр стипен¬дия¬сының мөлшерін 2 есеге, магистранттар мен докторант стипендиясын 1,5 есеге арттыру көзделуде.

Ұстаздар құқығы қорғалады

Енді педагогтер қызмет барысында құқығы бұзылған жағдайда Оқу-ағарту министрлігінің Telegram-чатына хабар бере алады. Осы мақсатта арнайы чат іске қосылған. Департамент мамандары телеграмдағы чатқа келген барлық ақпаратты тексеріп, мұғалімдерге жауап береді.Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов келесідей мәлімдеді.

«Мұғалімдер шамадан тыс есеп беруден босатылды. Қазіргі күні педагогтер күніне тек екі құжатты, яғни сынып журналы мен қысқа мерзімді (сабақ) жоспарын толтыруы керек. Құжаттардың нақты тізімі бар және оны барлығы сақтауы қажет. Мектеп әкімшілігі мұғалімдерден басқа құжаттарды толтыруды талап етуге құқығы жоқ. Егер мұғалімдердің құқығын бұзу фактілері анықталса, онда комитет тиісті шараларды қабылдайды», − дейді жауапты маман.

Е.ЕРТАЙҚЫЗЫ

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!