2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша облыс көлемінде 8 051 бітіруші түлек бітіріп, олардың 7 219-ы ҰБТ-ға қатысты. Тестілеу нәтижесімен жоғары оқу орындарына 6 418 оқушы құжат тапсырып, 4 973 талапкер мемлекеттік білім беру грантына қол жеткізді. Өткен оқу жылымен салыстырғанда грант иегерлерінің саны 885 түлекке көбейіп отыр.
Гранттардың бөлінісі бірнеше басым бағыттарға қарай тағайындалды. Атап айтқанда, 1 770 талапкер педагогика саласына гратқа түссе, медицина мамандығына 491, ауыл шаруашылығы және техникалық мамандықтар бойынша 1 765 оқушы грант иегері атанған.
Айта кетейік, 2022-2023 оқу жылының қорытындысы бойынша «Алтын белгі» белгісін алған түлектердің 205-і, яғни 43,2 %-ы педагогикалық бағыттағы мамандықтарға оқуға қабылданып отыр.
Бұдан бөлек, жаңа оқу маусымы жақын. Осыған байланысты өңірде «Мектепке жол» жалпы республикалық қайырымдылық акциясы бастау алған болатын. Ол тамыздың 1-нен бастап қыркүйек айының 30-на дейін жалғасады. Бүгінде облыс бойынша 29 774 балаға көмек көрсету жөнінде өтініш түсіп отыр. Қазіргі таңда құжаттарды қабылдау және сәйкестігін қарау жұмыстары жалғасуда.
Биыл берілетін материалдық көмектің мөлшері 40 567 теңгені құрайды. Сонымен қатар, облыста кәсіпкерлердің қолдауымен мектеп жәрмеңкелері ұйымдастырылады. 5-30 тамыз аралығында Қызылорда қаласы, Қорқыт Ата көшесі №55 мекен-жайындағы «SMALL» сауда орталығы ғимаратының алаңында отандық тауар өңдірушілердің жәрмеңкесі өтеді. Онда жеңілдетілген бағамен мектеп киімдері мен кеңсе тауарларын сатып алуға болады, – деді облыстық білім басқармасының балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Шолпан Жүнісова.
16 жыл қатарынан дәстүрлі түрле өткізіліп жатқан «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы биыл «Жақсылық жаса» ұранымен жалғаспақ. Акция аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, сондай-ақ, асыраушысынан айырылған, ерекше білім беруді қажет ететін балаларға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған.
Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!