Еліміздегі букмекерлік кеңселер мен казинолардың 1 күндік қаржылық айналымы 3,5 миллиард теңгеге жеткен. 2020 жылы 89 миллиард теңгені құраса, 2022 жылы 500 миллиард теңгеге жеткен. Ал биыл 1 триллион теңгеден асады. Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің төрағалығымен Президент жанындағы Жастар саясаты жөніндегі кеңесте осы мәселе талқыға түсті.

Кеңес отырысында заңсыз ойын бизнесімен күрес және қазақстандық жастар арасындағы лудомания проблемасы талқыланды. Жиынға кеңес мүшелерімен қатар Мәдениет және спорт министрлігінің басшылығы, Парламент Мәжілісінің депутаттары, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысып, заңсыз ойын бизнесімен күрес, заңнамалық бағыттағы ұсыныстары, лудоманиядан оңалту мәселесі бойынша атқарып жатқан жұмыстары жайында айтты.
Ерлан Қарин мемлекеттік органдар мен қоғамдық институттар бірлесіп әрекет еткенде ғана кеселмен күрестің тиімді жүзеге асатынын атап өтті. Мемлекеттік кеңесші Кеңес мүшелерін қазақстандық жастардың өзекті проблемаларын тиімді шешу үшін жастар саясаты саласының күн тәртібін қалыптастыруға және оны белсенді іске асыруға шақырды.
Бұған дейін ҚР Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы тақырыпты кеңінен қозғап, депутаттық сауал жолдаған болатын.
«Бұл дертті қалай жеңеміз? Статистика сұмдық! Қараңыздар, қазақстандықтың букмекерлік кеңсе мен казино алдындағы қарызы орта есеппен 10 миллион теңге. Ажырасқан 10 жұптың 7-еуі лудомания­ның салдарынан екі жаққа кетеді, – деді мәжілісмен.
Қазір Қазақстанда 700 мың оқушы онлайн букмекерлік кеңселер мен ойын автоматтарында бәс тігеді. Оның жарнамасы жер жарады. Биылдың өзінде онлайн құмар ойынды жарнамалаған 1783 интернет ресурс бұғатталған.
Лудома­ниядан адамды алшақтату мүмкін бе? Ресми дерек бойынша, 1 ойыншыны емдеуге кемінде 5 ай керек. Емі 600 мың теңгені қажет етеді. Бірақ бұл да шешім емес. Мамандар бір дерек айтты, 9 жыл лудоманиядан емделген адам орталықтан шыға сала қайтадан құмар ойынға салынып кеткен. Енді казинолар мен букмекерлік кеңселерді, ойлайн казиноларды толық жабу керек пе? Әлде тек жарна­масын тоқтату керек пе?”,– деді ол.

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!