Алматыдағы Абай атындағы республикалық дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының мұғалімдері білім мекемесінің басшылығына шағымданып, оқу-ағарту министріне хат жолдады. «Мектепті әкімшілік-әкімшілдік-әміршілдік жүйемен» басқарып отыр деген олар жаңа басшы тағайындауды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қалима Қаппасқызы директордың оқу-ісі жөніндегі орынбасарына қатысты шағымданған. Өз хатында мұғалім мектептегі кемшілікті түзеудің орнына директордың орынбасары ұстаздарды айыптауға бейім дейді. 

«М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институты, Сүлеймен Демирел атындағы университеті сияқты белді оқу орындарының арнайы мамандармен бірлесе жасалған, Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясы бекіткен қазақ тілі мен әдебиетінің бағдарламасын жоққа шығару мақсатында тіл мамандарына қыспақ жасап, зорлықпен талдау жасатып, оны тыңдамай, түсініксіз әрі келеңсіз жағдай туғызды.

Мектептегі тәжірибелі мамандардың сабағына талдау жасауға өресі жетпей тұрып, кез келген уақытта сабаққа кіріп, маңызды әрекеттерге мән бермейді, жетістіктері мен кемшіліктеріне талдау жасай алмайды. Ұстаздарға кері байланыс жасап, қолдау көрсетудің орнына кемшіліктерді тізіп, оларды білімсіз деп қаралап, еңбектерін жоққа шығарып, намысына жиі тиеді», – делінген хатта. 

Сондай-ақ басшыға қатысты сын-пікір айтылса, оны сараптаудың орнына қызметкерлерге пікір айтушының мәселесін қарауға бұйрық береді дейді. Бұдан бөлек өзіне ұнамаған мұғалімдерді заңсыз жұмыстан шығарғанын да алға тартып отыр. Ал мессенджердегі чатта беймезгіл мазалап, «әбден шаршатты» деп мәлімдеді. 

«Ешкімнен қорықпай, санаспай, ештеңені қаперге алмай, кімге не айтып, істеткісі келсе, соны істеп, тек өзінікін ғана заң деп қабылдайды. Басшының ұжыммен санаспай, тек Гүлжазира Бекболатқызымен ғана тіл табысып, барлық орынбасарларын, есеп бөліміндегі қызметкерлерін басқа жақтан әкелуі, бұрыннан жұмыс істеп жатқан ұстаздарға орынсыз қысым жасап, кетіп қалуына ықпал етуі қаншалықты орынды? Осы уақытқа дейінгі барлық жетістігімді, «Үздік педагог» ретіндегі еңбегімді жоққа шығаруы, менен басқа зейнеттегі ұстаздарды алып қалып отыруы мені қатты күйзелтті, намысыма тиді», – деп түйіндеді Қалима Қаппасқызы. 

Мектеп мұғалімі Жарқын Сәленұлы да Facebook-тегі парақшасында мектеп басшылығына қатысты өз наразылығын тізіп жазған.

«…Негізінде мұғалімдердің бірсыпырасы іштей Бекболатқызының шектен асқан іс-әрекеттеріне қарсы. Бірақ айтудан, жазудан қорқады, қорқытып алған. Жұмысы, сағаты үшін ашып айтпай артынан күңкілдейтіндер бар. Жұмыстан еріксіз кеткендер де жоқ емес. Жекеме жазып мені қолдағандар да болды. Қазір де солай. “Кімнің тарысы піссе, соның тауығы болып” жүргендер де аз емес. Ондай жағымпаз, жалтақ, қорқақтар әр жерде бар ғой. Осылайша Жаңа Қазақстандағы біздің мектепте Гүлжазира Бекболатқызы ескі тәсілмен, яғни, әкімшілдік-әміршілдік жүйемен билеп-төстеп, мектебіміздің өнегелі өткен тарихы мен беделін жоққа шығарып, “бәрін мен жасап жатырмын” деп жар салып жүр. Істеп жатқан ісі де жоқ емес. Алайда жан-жағын қырып-жойып, мазасын алып, ығырын шығарып, намысына тиіп істеу қай зиялылыққа жатады», – деп жазды Жарқын Сәленұлы. 

Бұл жағдайға қатысты пікір білдірген мектеп директоры Ержан Өмірханов мәселенің төркіні сағат санының жетіспеуінде екенін айтты. Себебі мектеп-интернатта 22 қазақ тілі маманы қызмет етеді екен. Сондықтан барлығына бірдей сағат жетпейді дейді. 

«Осы жылы апайымыздың шығармашылық кешін өткізіп, еліміздің түкпір-түкпірінен түлектері жиналып болған оқиғаларды еске алып, көңіліміз бір босап алған. Мектеп әкімшілігіне, жеке өзіме де, қиын шешім болды, тәрбиеші болуды ұсындым, келіспеді, орнына фейсбукке атымыз шығып жатыр. Өткен оқу жылында «Алтын белгі» қорытындысы бойынша, оқу ісі жөніндегі орынбасарым, Гүлжазира Бекболатқызымен, сөзге келіп қалған болатын, өшін сол кісіден алып жатыр-мыс. Атақ атақпен, бірақ академиялық адалдықты сақтау міндетіміз. Қалима апайдың, қорытынды емтиханда эссе нормасын орындай алмайтын оқушыларды «Алтын Белгіге» ұсыну дұрыс шешім болмады. Әңгіме бұл дауда емес, сағат санының жетіспеушілігі. Қалима апайға қол ұшын беріп қолдауға әрқашан дайынбыз», – дейді мектеп басшысы. 

Республикалық мектеп-интернаттағы дауға қатысты тілшіміз Оқу-ағарту министрлігіне сауал жолдап көрген. Дегенмен министрліктің баспасөз қызметі бұл жағдайды толыққанды тексерген соң ресми жауап ұсынатынын хабарлады. 

 

Өзге де жаңалықтарды оқу үшін Telegram арнамызға жазылыңыз!